Ақтөбеде картоп пен көкөніс бағасын тұрақтандыру үшін қажетті шаралар қолға алынды
АҚТӨБЕ. 26 қаңтар. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Ақтөбе қаласының әкімдігі тұтынушылық тауарларының, соның ішінде картоп пен көкөніс бағасын қатаң бақылауда ұстап отыр.
Қаңтар айында олардың бағасы шарықтап кеткеннен кейін бағаны қайта тұрақтандыруға қажетті бірқатар кешенді шаралар қолға алынды. Бұл туралы бағаны тұрақтандыру бойынша өткен қалалақ штаб отырысында мәлім болды.
Жиынға азық-түлік тағамдарын өндіруші кәсіпорындардың жетекшілері, базарлардың, соның ішінде көтерме сауда базары, ірі және орта дүкендердің иелері қатысты.
Жергілікті биліктің саясаты арқасында, 2010 жылы Ақтөбедегі бағалар республика бойынша ең төменгі баға болып саналған. Сондықтан, жақында картоп пен көкөніс бағасының шарықтап кетуі шешімді шараларды қажет етті. Жағдайды зерттеген қала әкімі Архимед Мұхамбетов жаздағы құрғақшылыққа, сатып алу бағасының артуына, өнімнің экспортына байланысты бағаның өсуімен қатар, осы жағдайды пайдаланып, негізсіз баға көтеру оқиғалары кездескенін атап өтті. Бақылаушы органдар монополияға қарсы заңнамалар бұзылған мыңдаған фактілерді анықтаған.