Ақтөбеде ҚР Президенттігінен үміткер Н. Назарбаевты қолдайтын қоғамдық штаб ашылды
АҚТӨБЕ. 15 ақпан. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Ақтөбе қаласында «Нұр Отан» ХДП филиалы базасында ҚР президенттігінен үміткер Нұрсұлтан Назарбаевты қолдайтын қоғамдық штаб ашылды.
Штабтың ашылуына арналған баспасөз мәслихаты бүгін «Нұр Отан» партиясының ғимаратында болып өтті.
Облыстық қоғамдық штабтың жетекшісі болып «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың хатшысы Балғали Ордабаев тағайындалды. Штаб құрамына сонымен қатар танымал ақтөбеліктер де енді. Жалпыхалықтық референдум өткізу идеясын қолдау бастамашыл тобының мүшелері оның негізгі ұйымдастырушылар болды.
«Біздің штабтың негізгі мақсаты - президенттіктен үміткер Нұрсұлтан Назарбаевқа сайлау науқанында қолдау көрсету, оның сайлауалды бағдарламасын түсіндіруге арналған насихат шараларын өткізу. Облыстық штабтың жұмысы үміткерді қолдаумен айналысатын аймақтық штабтар қызметін үйлестіру», - дейді қоғамдық штабтың жетекшісі Балғали Орбадаев.
Осы секілді қоғамдық штабтар партияның барлық аумақтық филиалдарында құрылды.