Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ақтөбеде қылмыскерлерді ұстау кезінде жол полициясының 30 жастағы қызметкері қаза тапты

АҚТӨБЕ. 21 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін таңертең Ақтөбе қаласының маңындағы Кирпичный кентінің маңында қылмыскерлерді ұстау кезінде жол полициясының 30 жастағы инспекторы Темірбек Жақсылықбаев қаза тапты.

Ақтөбеде қылмыскерлерді ұстау кезінде жол полициясының 30 жастағы қызметкері қаза тапты

Облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Алмат Иманғалиевтің айтуынша, 21 маусым күні таңертең жедел басқару орталығының телефонына «Опель-Астра» көлігінің 32 жастағы жүргізушісі хабарласып, белгісіз тұлғалардың қарақшылық шабуыл жасау мақсатымен оған пышақ салғандарын айтты.

Оқиға орнына бірінші болып жол полициясының көлік патрулі келді. Инспекторлардың бірі жәбірленген жүргізушіге алғашқы медициналық көмек көрсете бастаса, екіншісі күдікті тұлғаларды ұстау мақсатымен жәбірленуші көрсеткен орман жаққа беттеді.

Бұл кезде бұталар арасында жасырынған күдіктілердің бірі полицейге оқ ата бастады. Алған жарақаттардан жол полициясының инспекторы Темірбек Жақсылықбаев оқиға орнында көз жұмды.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 96 бабымен («Адам өлтіру») қылмыстық іс қозғалды, құрылған жедел тергеу тобы аталмыш қылмысты ашу бойынша жедел-іздестіру шараларын жүргізуде.

Күдіктілерді анықтау және ұстау бойынша ақпараттар қосымша хабарланатын болады.

Полиция старшинасы Темірбек Жақсылықбаев полиция қатарында 2004 жылдан бері қызмет етті. Оның артында зайыбы мен бір баласы қалды.