12:40, 28 Ақпан 2009 | GMT +5
Ақтөбеде орынборлық түбіт шәлі көрмесі өтуде
АҚТӨБЕ. Ақпанның 28-і. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Ақтөбе облыстық өлкетану мұражайында 8-ші Наурыз мерекесіне арналған Шафиковтер әулетінің орынборлық түбіт шәлі көрмесі ашылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Мұражайдың жетекші ғылыми қызметкері Күнзия Үмбетованың айтуынша, мұндай көрмелер Ақтөбеде 10 жыл бойы дәстүрлі өткізіліп келеді. Орынборлық ИЗО мұражайы коллекциясындағы орынборлық шеберлердің алғашқы көрмесі 1997 жылы ұйымдастырылды. Римма Якупованың (Шафиковтердің жіп иірушілер әулетінен) биылғы көрмесіне қолөнер шеберінің түбіттен жасалған 50 түрлі бұйымы қойылған. Шебер мұражайдың 80 жылдығына және Ақтөбе қаласының 140 жылдығына «Ақтөбе» деп кестелеп жазылған шәліні, орынборлық түбіт шәлі туралы баяндайтын альбомды және Шафиковтер әулеті туралы буклетті сыйға тартты.