Ақтөбеде шаң сорғыш алам деп басы дауға қалған тұтынушының құқығы қорғалды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Сауда және интеграция министрлігі Ақтөбе қаласындағы құқығы бұзылған тұтынушының оқиғасын жазды. Тұтынушы банк арқылы 1 320 000 теңге сомасына Kirby Avalier шаңсорғышын несиеге сатып алған.
Ведомствоның мәліметінше, алдымен компания өкілдері тұтынушылар санын көбейту мақсатында оларға хабарласып, кілемдерін тегін тазалап беруді ұсынған. Алайда олардың негізгі мақсаты Kirby Avalier шаңсорғышын сату болған.
Тұтынушының айтуынша, компания менеджерлері шаңсорғыштың жұмысын көрсетіп, бағасын басқа дүкендердегі ұқсас тауарлармен салыстырып, жедел шешім қабылдауға ықпал еткен. Сонымен қатар бонус ретінде тұтынушыдан пайдаланылған шаңсорғышын қабылдап, құны 1 900 000 теңге болатын жаңа шаңсорғышты 1 320 000 теңгеге сатып алуды ұсынған. Алайда тұтынушы бұрынғы шаңсорғышын беруден бас тартқан. Соған қарамастан, тауар үшін төлем банк арқылы несиеге рәсімделген. Кейін тұтынушы тауардан бас тартып, қаражатты қайтаруды талап еткен.
— Дегенмен сатушы заңмен белгіленген мерзімде пайдаланылмаған тауар үшін қаражатты қайтарудан бас тартқан. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабына сәйкес, сатып алушы өзіне азық-түлікке жатпайтын тауар берілген кезден бастап он төрт күн ішінде, егер сатушы неғұрлым ұзақ мерзім жарияламаса, сатып алынған тауарды сатып алу орнында немесе сатушы хабарлаған өзге де орындарда бағасында айырма болған жағдайда сатушымен қажетті қайта есеп айырыса отырып, басқа мөлшердегі, нысандағы, габариттегі, пішіндегі, түстегі, жиынтықталымдағы және осы тәріздегі соған ұқсас тауарға не тараптардың келісімі бойынша басқа тауарға айырбастауға құқылы, — деп жазды министрлік.
Сатушыда айырбастауға қажетті тауар болмаған жағдайда сатып алушы сатып алынған тауарды сатушыға қайтарып беруге және оған төленген ақшалай соманы қайтарып алуға құқылы. Егер шартта өзгеше шара көзделмесе, тауарды сатып алу орны айырбастау немесе қайтарып беру орны болып табылады.
Сонымен қатар, Заңның 30-шы бабында тұтынушылардың белгіленген мерзімде қайтаратын тауары пайдаланылмаған, оның тауарлық түрі, тұтынушылық қасиеттері, пломбалары, заттаңбалары, сондай-ақ тауарды сатып алу фактісін растайтын құжаты сақталуы қажет екендігі көрсетілген.
— Жоғарыда аталған Заңға сәйкес тұтынушыға құқықтық түсіндірме жұмысы жүргізіліп, наразылық парағын жазуға көмек көрсетілді, сондай-ақ орындаушы тарапқа сатушының міндеттері бойынша түсіндіру жұмысы жүргізілді, — делінген хабарламада.
Осының нәтижесінде тұтынушы мен сатушы арасындағы сатып алу-сату шарты бұзылып, 1 320 000 теңге сомасындағы рәсімделген несие жойылды.
Ал Тұтынушы құқығын қорғау туралы заң жобасына қандай жаңа нормалар енгенін мына сілтемеден оқи аласыз.