Ақтөбеде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі аймақтық үйлестіру кеңесінің отырысы болып өтті

АҚТӨБЕ. 19 қаңтар. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Бүгін күннің екінші жартысында ұлттық холдингтер мен даму институттарының делегация өкілдері Ақтөбе облысына қарасты Әйтеке би және Хромтау аудандарындағы бірқатар инвестициялық жобаларды аралап көрді.
None
None

Содан кейін «Нұр Отан» партиясы филиалының ғимаратында Ақтөбе облысындағы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жөніндегі аймақтық үйлестіру кеңесінің отырысы болып өтті.

Отырысқа қатысушылар мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырудың негізгі жолдарын ұсынып, «Еңбек өнімділігі-2020» бағдарламасы аясындағы отандық өндірушілерді қолдау шаралары туралы айтты, сонымен қатар инвестиция тарту, экспортты алға жылжыту, мемлекеттік даму институттарының жобаларды қаржыландыруы туралы сөз қозғады.

Жалпы алғанда Қазақстанның Индустрияландыру картасына Ақтөбе облысынан 450,2 млрд. теңгені құрайтын 33 инвестициялық жоба қосылған, олардың ішінде 12 жоба республикалық маңызға ие болса, 21 жоба аймақтық деңгейдегі жобалар қатарына жатады.

Облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың айтуынша, былтырғы жылы аймақ бойынша 106,8 млрд. теңгені құрайтын 43 инвестициялық жоба, соның ішінде Индустрияландыру картасына енгізілген 24 жоба жүзеге асырылған. Қалған 9 жоба 2011 жылы және алдағы жылдары пайдалануға берілетін болады.

Соңғы жаңалықтар