Ақтөбеде үлескерлердің құқықтарын бұзған құрылысшылар жауапқа тартылды

АҚТӨБЕ.KAZINFORM - Облыс прокуроры Марат Әбішев заңсыз әрекеттерінен зардап шеккен үлескерлерді жеке қабылдады, Ақтөбе облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.

Үлескерлер прокуратурада
Фото: ҚР Бас прокуратура

Атап айтқанда, «KAZYNA PREMIUM» тұрғын үй кешенінің үлескерлерін алаңдатқан лифт орнату және аумақты абаттандыру мәселелері қаралды.

Кездесу барысында азаматтарға үлестік құрылысқа қаражат тартуға қатысты заң нормалары, сондай-ақ тиісті рұқсат құжаттарынсыз құрылыс жүргізудің салдары, оның ішінде нысандарды пайдалануға беру мерзімдерінің бұзылуы және салынған қаражатты жоғалту тәуекелдері түсіндірілді.

Бұған дейін прокуратураның қадағалау қызметі аясында үлескерлердің қаражатын заңсыз тартқан компаниялар анықталған.

11 проблемалық нысан бойынша жосықсыз құрылыс салушыларға қатысты 5 айыптау үкімі шығарылды.

Сот 800-ге жуық үлескердің мүддесін қорғап, сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы 9 талап-арыз қанағаттандырды.

Қалыптасқан жағдайды реттеу мақсатында «Ақтөбе құрылыс компаниясы – 2023» ЖШС құрылып, бюджет қаражаты есебінен үлескерлердің мәселесін шешу тетігі пысықталып жатыр.

2025 жылы инвестор-мердігерді тарту арқылы бір проблемалық нысанның құрылысы аяқталып, 58 үлескерге пәтер кілттері табысталды.

Биылғы желтоқсанда тағы шамамен 100 пәтерді беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 320-бабы 1-бөлігі (тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнаманы бұзу) бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылып, айыппұл салынды.

- Үлескерлердің құқықтарын қорғау прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда, - делінген прокуратураның хабарламасында.

Осыған дейін Астана прокуратурасы «Qyran» тұрғын үй кешеніне қатысты істі сотқа жолдағаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум