13:14, 20 Қаңтар 2009 | GMT +5
Ақтөбеде Ұлттық халық санағын өткізуге дайындық аяқталып келеді
АҚТӨБЕ. Қаңтардың 20-сы. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Ақтөбе облысында Ұлттық халық санағын өткізуге дайындық аяқталып келеді. Үкіметтің «Қазақстан Республикасында 2009 жылғы Ұлттық халық санағы туралы» 2007 жылғы қарашаның 28-індегі №1138 қаулысы негізінде облыс, қала және аудан әкімдерінің орынбасарларының басшылығымен халық санағына қолдау көрcету

бойынша облыстық, қалалық және аудандық комиссиялар құрылған болатын. Облыстық статистика басқармасы бастығының орынбасары Қайрат Жекеев ҚазАқпарат тілшісіне Ақтөбе өңірінде осынау маңызды іс-шара қарсаңында жүргізіліп жатқан дайындық барысы туралы әңгімелеп берді. - Қайрат Сапарбайұлы, ақпанның 25-і мен наурыздың 6-сы аралығында республикамызда Екінші Ұлттық халық санағы өтеді, осынау іс-шараның ерекшеліктері туралы әңгімелеп берсеңіз. - Бұл егемен Қазақстан жүргізіп отырған осымен екінші санақ. Алғашқы Ұлттық санақ 1999 жылы, Бүкілодақтық санақтан 10 жылдан кейін өткізілген болатын. Осыдан 10 жыл бұрын Қазақстанда 14 миллион 953 мың тұрақты тұрғын тіркелген. Статистика жөніндегі агенттіктің соғы мәліметтері бойынша, 2008 жылғы маусымның 1-індегі жағдай бойынша Қазақстан халқының саны 15 миллион 677 мың адамды құрап отыр. Дегенмен, халықтың нақты саны мен құрамы және елдегі демографиялық үрдістер туралы ең нақты мәліметтерді жаңа санақ қана бере алады. Мұндай шараны ел аумағында өткізу өте маңызды, халық санағын жүргізу нақты мәліметтердің негізінде мемлекеттің алдағы саяси бағыт-бағдарын дәлірек жасауға мүмкіндік береді.
Екінші Ұлттық халық санағы бағдарламасы БҰҰ Статистика комитеті, Еуроодақтың Статистика , Халықаралық еңбек ұйымы, ТМД Статистика комитеті, т.б.с.с. халықаралық ұйымдардың ұсыныс-кеңестері, отандық тәжірибе мен басқа да елдердің статистикалық қызметтерінің тәжірибелері ескеріліп, бұған дейінгі санақтардың қорытындыларымен сабақтастық сақтала отырып қабылданған болатын. Бұл бағдарлама халық туралы көптеген ауқымды мәліметтерді қамтиды, оның ішінде демографиялық, экономикалық, этникалық белгілер, жалпы немесе кәсіптік білімнің мазмұны сияқты мәліметтер кіреді. Үй шаруашылығының жағдайы, отбасы құрамы да ескеріледі. Қазіргі жағдай бойынша, біз қалалар мен ірі елді-мекендердегі мекен-жай шаруашылықтарын реттедік, тұрғын үйлер мен жайлардың тізімдерін жасадық, тұрғындар саны 5 мыңнан асатын қалалар мен ірі елді мекендердің картографиялық материалдарын дайындадық. 2008 жылдың қазан-қараша айында елді-мекендер мен үйлердің тізімдерін нақты алу жөніндегі жұмыстарға тіркеушілер тартылған болатын. Алдағы санақтың тағы бір маңызды құрамдас бөлігі - бұқаралық-түсіндіру жұмысы болып табылады. Осынау маңызды мемлекеттік іске әзірлік кезеңінде облыстық, аудандық газеттерде 50-ден астам мақала жарияланып, радиода 15 хабар жасалды, телеарнада 40-қа жуық кездесу өткізілді, бейне және аудиороликтердің көрсетілімдері ұйымдастырылды. Санақ барысында «жедел байланыс» телефон желісі де жұмыс істейтін болады. - Санақ жұмыстарына уақытша кадрларды тартумен байланысты проблемалар бар ма? Ондай кадрларды іріктеуде қандай талаптар қойылып отыр?- 2009 жылға халық санағын өткізудің ұйымдастыру жоспарының бекітілген мәліметтері негізінде санақ жүргізу бойынша уақытша жұмысқа 3300-ден астам адам тартылды ? олар 2600 есепші, 623 нұсқаушы-бақылаушы, санақ бөлімдерінің 75 меңгерушісі және халық санағы бойынша 13 уәкіл. Әрине, бас кезінде уақытша кадрларды тартумен байланысты біраз қиыншылықтар болды, бірақ әкімдіктердің үйлесімді жұмыстарының арқасында бұл мәселе шешімін тапты. Санақшы кадрлар мектеп оқушыларының, мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметкерлерінің, институт оқытушылары мен студенттерінің қатарынан жасақталып отыр. Әрине, санақшыларға қойылып отырған талаптар да бар, себебі санақтың қорытындысы олардың жұмыс сапасы мен адамдардың сөйлесе білу шеберліктеріне байланысты. Санақ жұмыстары қоғамдық орындарда да - жолдағы жолаушылардың арасында теміржолдар мен автовокзалдарда, әуежайларда жүргізіледі, ауруханалар да ұмытылмайды, сондай-ақ әскери бөлімдер мен түзету мекемелері сияқты жабық мекемелерде және Т.Бигельдинов атындағы Әуе қорғанысы әскери институтында жүргізіледі. 2008 жылдың аяғында Статистика агенттігі аудандық статистика бөлімдеріне 12 «Нива» көлігін бөлді, сондай-ақ санақ жұмыстарын сапалы жүргізу үшін 83 компьютер алынды. Жергілікті бюджет бізді орын-жайлармен қамтамасыз етіп отыр, жергілікті бюджет қаражаты есебінен тұрғындар саны 5 мыңнан асатын ірі елді мекендердің картографиялық материалы дайындалды, бұл мақсаттарға 30 миллионнан астам теңге бөлінді. Келесі аптада біз санақ жүргізу бөлімдерінің жетекшілерін жинап, оларды санақ жүргізудің әдістемелері мен нұсқауларымен таныстырамыз, ал олар өз кезектерінде әрі қарай нұсқаушы-бақылаушыларды, ал олар санақшыларды үйретеді. - Тіркелімде жоқ азаматтар, сондай-ақ Қазақстандағы шетелдік азаматтар не істеулері керек? - Санақ жүргізу кезінде адамдардан ешқандай құжаттар сұралмайды, халық санағы тіркелім бойынша емес, азаматтың тұратын нақты мекен-жайы бойынша жүргізіледі. Санақ ел аумағындағы барлық адамдарды қамтиды, оның ішінде шетелдік азаматтарды да, тек олар үшін арнайы 4И бланкі толтырылады. Шетелдерде жүрген қазақстандықтардың да тізімі жасалады.