Ақтөбеде волейболдан ерлер арасында ел чемпионатының төртінші туры басталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласында ерлердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионаты төртінші турының ойындары басталды. 9 ақпан – волейбол күні алаңға бірінші болып Оралдың «Жайығы» мен «Есіл» (СҚО) командалары шықты.

Бұл екінші турдан кейінге қалдырылған ойын еді. «Жайықты» күшейту бағытында қазақстандық бапкер Виктор Козик бұдан бұрын ресейлік Виталий Васильевті алса, енді канадалық байланыстырушы Жаке Мануэль Гоместі қосты.
Осыған дейін «Жайық» 38 ұпаймен үздік үштікке іліксе, «Есіл» (29 ұпай) төртінші сатыда еді. Бұл кездесуде оралдықтар 3:0 (25:22, 25:20, 25:20) есебімен басым түсіп, ұпай санын 41-ге жеткізіп, әзірге екінші орынға көтерілді.
Бүгін сондай-ақ «Буревестник» (Алматы) – «Атырау», «Жетісу жастары» - «Ұшқын-Көкшетау», «Тараз» - «Ақтөбе» командалары кездеседі.
Ақтөбеде алғаш рет өткізіліп отырған Ұлттық лига туры 17 ақпанда мәресіне жетіп, плей-офф кезеңіне шыққан 8 команда анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан әйелдер арасында Қазақстан чемпионатының үшінші туры мәресіне жеткенін жазған болатынбыз.