Ақтөбеде заңсыз актив есебінен салынған дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа медициналық нысан 25 келушіні қабылдауға арналған, ол ауыл тұрғындарына облыс орталығына бармай-ақ, жергілікті жерде алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуға мүмкіндік береді. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

амбулатория
Фото: Видеодан скрин

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес прокуратура органдарымен заңсыз иемделген активтерді қайтару есебінен елімізде көптеген әлеуметтік нысан салынып, пайдалануға беріліп жатыр. 

Осының шеңберінде Ақтөбе облысы Қобда ауданы Бегалы ауылында жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылу салтанаты өтті.

Іс-шараға Қобда ауданының әкімі, аудан прокуроры, мемлекеттік органдардың, қоғам өкілдері және жергілікті тұрғындар қатысты.

— Жаңа медициналық нысан 25 келушіні қабылдауға арналған, ол ауыл тұрғындарына облыс орталығына бармай-ақ, жергілікті жерде алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуға мүмкіндік береді. Дәрігерлік амбулаторияда тұрғындарға көрсетілетін қызметтер, диагностикалық құрал-жабдықтар, білікті мамандардың жұмысы — барлығы да тұрғындардың денсаулығын жақсартуға бағытталған. Бұл жобаны іске асыру — ауыл халқының әл-ауқатына, денсаулығына деген мемлекет қамқорлығының айғағы, — делінген хабарламада.

Осыған дейін Ақмола облысында сумен жабдықтау желілерін салуға заңсыз активтер есебінен 21,5 млрд теңге бөлінгенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар