Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ақтөбедегі жаңа су құбырына қайтарылған активтер есебінен 5 млрд теңге бөлінді

АСТАНА. KAZINFORM – Ақтөбе облысындағы Сарыбұлақ жер асты сулары кен орнынан топтық су құбырын салуға Арнаулы мемлекеттік қордан 5 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

су құбыры
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Жоба Мемлекет басшысының заңсыз шетелге шығарылған активтерді қайтару және бұл қаражатты елдің дамуына бағыттау жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып отыр.

Бөлінген қаражат Ақтөбе қаласының Батыс-1, Батыс-2 және Батыс-3 шағын аудандарын тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған. Аталған аудандарда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп, коммуналдық желілерге түсетін жүктеме артып келеді.

«Сарыбұлақ кен орны облыс орталығынан 56 шақырым жерде орналасқан. Жоба аясында мұнда 20 артезиан ұңғымасы бұрғыланып, қажетті инфрақұрылыммен жабдықталады. Сондай-ақ топтық су құбыры салынып, желілер тұрғын үй алаптарына дейін жеткізіледі. Құрылыс жұмыстары биыл басталады», – делінген Үкімет хабарламасында.

Жоба іске асқаннан кейін Ақтөбе қаласы, сондай-ақ Алға және Мұғалжар аудандарындағы елді мекендер тәулігіне қосымша 70 мың текше метрге дейін ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде облыс орталығының қарқынды дамып жатқан аудандарының қажеттілігі үшін тәулігіне 25 мың текше метр су бағытталады.

Сарыбұлақ кен орнының барланған қоры өңірді алдағы 30 жыл бойы тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге жеткілікті.

«2024-2026 жылдар аралығында Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен Үкімет жалпы құны 610 млрд теңгені құрайтын 500-ден астам әлеуметтік жобаны қаржыландыруды мақұлдады. Оның ішінде жалпы құны 226,5 млрд теңгені құрайтын 267 жоба су инфрақұрылымын дамытуға бағытталған», – деп атап өтті Үкіметтің баспасөз қызметі.

Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталып келеді.

Айта кетейік, өңірлерде жаңа вокзалдар, су құбыры, логистикалық хаб және тұрғын үйлер пайдалануға берілді.