Ақтөбедегі автобус өртіне қатысты тың деректер шықты
«Министрліктің Тергеу департаменті Ақтөбе облысында Өзбекстан Республикасының 52 азаматының автобуста көз жұмуына қатысты факті бойынша ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігі және ҚР ҚК 348-бабының 4-бөлігі негізінде тергеу жүргізуде», - делінген жауапта.
ІІМ ресми жауабы сол қайғылы оқиғаға қатысты біршама деректің бетін ашқан.
«Тергеу автобустың «Шымкент - Самара» автожолының 1 068 шақырымында техникалық ақауға байланысты одан әрі қозғалуды тоқтатқанын анықтады. Бұл туралы төтенше қызметтерге хабар бермей, жолаушылардың қауіпсіздігіне шаралар қабылдамай, 2015 жылғы 26 наурызында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі бекіткен «Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларын» бұза отырып, автобус жүргізушілері жанып тұрған дәнекерлеуіш шамның көмегімен көлік құралының салонын жылыта бастаған. Онда ашық ыдыстан абайсызда төгілген бензиннен өрт шыққан», - деп жауап береді ІІМ.
Қалмұханбет Қасымовтың жауабына сүйенсек, қазіргі уақытта қамауда ұстау бұлтартпау шарасын таңдала отырып, автобустың жүргізушілері Ф.М. Пернебеков, Н.А. Қырғызбаев пен Б.М. Танатов қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Тергеу барысында техникалық ақауы бар автобусты жолға шығарудың себептері, жағдайлары мен негіздері анықталатын болады.
ҚР ҚПК 200-бабының тәртібіне сәйкес қылмыстық істі тергеу ісі аяқталғаннан кейін мемлекеттік жауапты органдарға шараларды қабылдау бойынша тиісті ұсыныстар жолданады.
Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары ҚР Бас прокуроры Қайрат Қожамжаров пен Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа Ақтөбе облысында автобустың өртенуінен 52 адамның ажал құшуына кінәлілердің барлығын табуды сұрап, депуаттық сауал жолдаған болатын.
Айта кетейік, 18 қаңтар күні Самара-Шымкент тасжолында автобус өртеніп, 52 адам қаза болды.
Кейіннен өртенген автобус иесінің лицензиясы болмағаны анықталды.