Ақтөбедегі теракт кезінде қаза тапқандардың балалары «Балдәуренде» тегін демалатын болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жалпыұлттық аза тұту күні Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Ақтөбедегі лаңкестік салдарынан қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көңіл айтты, деп хабарлады ҚР БҒМ баспасөз қызметінен.
Е. Сағадиев қаза болған азаматтардың балаларына «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында (Бурабай, Ақмола обл.) тегін, әрі олардың жағдайын оңалтуға қажетті деп табылатын мерзімге демалуларына мүмкіндік берілетіні жөнінде мәлімдеді.
Ұсынылып отырған орталықта балалардың толыққанды демалып, психологиялық тұрғыдан сауығуларына барлық жағдай жасалған - тұрмысқа жайлы тұрғын корпустар, үйлесімді тағам, медициналық бақылау, концерттік және спорттық алаңдар, әртүрлі үйірмелер және көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып отырады.
Психологиялық-педагогикалық көмекпен қатар, толыққанды демалыс пен құрбы-құрдастарымен араласқан балалардың психологиялық жағдайы тұрақталып, олардың жан күйзелісінен қорғалуына септігін тигізеді.
Еске сала кетейік, 5 маусымда Ақтөбе қаласының бірнеше жерінде атыс болып, салдарынан төрт бейбіт тұрғын мен үш әскери қаза тапты. Осыған байланысты 9 маусым Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.