Ақтөбелік әскери қызметшілерге пәтерлердің кілттері табыс етілді

АҚТӨБЕ. 25 ақпан. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Бүгін Ақтөбе гарнизонының 140 әскери қызметшісі Есет батыр көшесіндегі көппәтерлі үйден баспана алды.

Ақтөбелік әскери қызметшілерге пәтерлердің кілттері табыс етілді

Салтанатты жағдайда әскерилерге қызметтік пәтерлердің кілтін Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары - ҚР Қауіпсіздік кеңесі хатшылығының меңгерушісі Қозы-Көрпеш Жаңбыршин табыс етті. Іс-шараға сонымен қатар ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Әсет Құрманғалиев, бөлім командирлері, жергілікті атқарушы биліктің өкілдері қатысты.

Кілттерді тапсыру рәсімінен кейін сыйлы қонақтар Қозы-Көрпеш Жаңбыршин мен Әсет Құрманғалиев ҚР Қорғаныс министрлігінің тапсырысы бойынша салынған жаңа пәтерлерді аралап, баспананың сапасын бағалады.

Атап өту керек, бұл Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта актөбелік әскери қызметшілерге арналып салынған алғашқы баспана болып отыр. Қазіргі күні Рысқұлов көшесінде де осындай үш көпқабатты баспана салынуда, оның құрылысын 2011 жылдың аяғына дейін бітіру жоспарланып отыр.