Ақтөбелік футболшылар Чемпиондар лигасындағы алғашқы ойынын сырт алаңда Исландия чемпионымен өткізеді

        АЛМАТЫ. Шілденің 13-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ -  Ақтөбелік футболшылар Чемпиондар лигасының іріктеу турниріндегі алғашқы ойынын шілденің 16-сы күні сырт алаңда Исландия чемпионы «Хабнарфьордюр»    командасымен өткізеді, 
None
None

  деп хабарлайды  ҚазАқпарат.

         Бұл Қазақстан мен Исландия футбол клубтары арасындағы ең алғашқы кездесу болмақ. Ел чемпиондарының  аталмыш ойынына  поляк  төрешілері Роберт Малек, Кжиштоф Мырмус және  Мацей Вежбовски  қазылық жасайды.  2008 жылғы есеп бойынша 25 107 тұрғыны бар Хабнарфьордюр  қаласының «Каплакрикаволлюр» стадионы  6 738 орындық. 1929 жылы қазанның 14-інде құрылған қала аттас бұл команда  Исландияның 4 дүркін чемпионы (2004, 2005, 2006, 2008) және Исландия кубогының 2007 жылғы иегері. Олар сондай-ақ, Лига  кубогының 4 дүркін (2002, 2004, 2006, 2007), Суперкубоктың 3 дүркін  ( 2004, 2006, 2007)    жеңімпазы.  Команда қақпашы Деди Ларуссон ұлттық  құрамада  тұрақты  өнер көрсетіп  жүрген үздік  ойыншылардың бірі. Хеймир Гудьонссон  жаттықтыратын хабнарфьордюрліктер бұл маусымда да 8 турдан кейін ел біріншілігінде көш бастап келе жатыр. Олар 7 ойында басым түсіп, біреуінде ғана жеңілістің ащы дәмін татқан. Онда қарсыластарына 22 рет доп соғып,  өз қақпасына 6 доп енгізіп алды. Ал  еурокубогтарда 30 кездесу өткізіп, оның 9-ын жеңіп, 9-ында тең түсіп, 12-сінде жеңіліс татқан. Бұл ойындарда қарсыластар қақпасына 41 доп соғып, өздеріне 48 доп жіберген.

         1967 жылы негізі қаланған  «Ақтөбе» футбол командасы  болса Қазақстан чемпионатының 3 дүркін ( 2005, 2007, 2008) чемпионы және 2008 жылғы Қазақстан кубогы мен Қазақстан Суперкубогының  иегері.  1967-1995 жылдары «Актюбинец», 1996 жылы «Ақтөбемұнай», 1997, 2005 жылдары «Ақтөбе», 2000-2004 жылдары «Ақтөбе-Ленто» аталған бұл команда  2005 жылдан бері «Ақтөбе» аталады. Қазақстан чемпионатына  14 рет қатысқан  команданың «Орталық» стадионына 12 805 адам сияды. Владимир Муханов жаттықтыратын  ақтөбеліктер бұл маусымда  ел чемпионатында 14 турдан кейін 37 ұпамен  көш бастап келе жатыр. Олар  2008/2009 жылғы Чемпиондар лигасындағы алғашқы ойынында өз алаңында Молдованың «Шериф» командсасынан 1:0 есебімен басым түскенімен, сырт алаңда 0:4 есебімен ойсырай ұтылған болатын. Бұл жолы исландиялықтармен қарымта кездесуін  шілденің 22-сі күні Ақтөбеде өткізбек.

Соңғы жаңалықтар