Ақтөбелік рельс-арқалық зауыты 90 пайызға аяқталды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе рельс-арқалық зауытының құрылыс-монтаждау жұмыстары 90 пайызға аяқталды. Бұл туралы рельс зауытында өткен баспасөз туры барысында «ҚТЖ» АҚ вице-президенті Ермек Қизатов айтты.

Ақтөбелік рельс-арқалық зауыты 90 пайызға аяқталды

2014 жылғы желтоқсанда зауыт іске қосылып, 2015 жылдың ортасында толыққанды жұмыс істейтін болады.

Жоба құны 399 млн. долларға бағаланған, оның 60 пайызы Қазақстан Даму банкінен алынған заем қаражаты.

Зауыт қуаты жылына 430 тонна илекті құрайды, оның ішінде 200 мың тонна темір жол рельстері және 230 мың тонна қалыпты илекті қамтиды.

- Жобаның ел үшін маңызы зор. Посткеңестік кезеңде ел аумағында мұндай 3 зауыт қана болған. Бұл жобаға Еуроодақ талаптарына сәйкес келетін жаңа технологиялар мен стандарттар пайдаланылған. Зауыттың белгіленген уақытта іске қосылуы, сапасы стандартқа сәйкес келуі үшін күш салып жатырмыз, - деді Е. Қизатов.

Жаңа жоба рельс өндірісінің коньюктурасын өзгертуге мүмкіндік береді. Зауытта жоғары жылдамдықты магистральдарға пайдаланылатын 120 метрлік рельстер шығарылады. Қазақстанда мұндай магистральдар жоқ, алайда ҚТЖ оны салуды жоспарлауда. Бұдан басқа, зауытта 50,65 метрлік стандартты рельстер шығару жоспарлануда.

- Біз ҚТЖ-мен 10 жылға ұзақ мерзімді келісімшарт жасастық. Қазір құрылыс илегін сату бойынша тиісті компанияларымен келіссөздер жүргізілуде. Біз Өзбекстан, Түркіменстан, Беларусь, Ресей нарықтарына өткіземіз, - деді зауыттың технология жөніндегі директоры Марат Ибрагимов.