Ақтөбенің қарт тұрғыны - 108 жаста

АҚТӨБЕ.  Қазанның   1-і. ҚазАқпарат /Самал  Ендібаева/ -  Ақтөбеде   Қарттар  күніне арналған   шаралар өтіп  жатыр.   Бүгін   еңбекпен қамту  жөніндегі  қалалық  бөлім    ұзақ  өмір сүрген  қарияларды  құттықтауда.

Ақтөбенің   қарт тұрғыны  - 108 жаста

Олар   100 жасқа келген  Жұпар  Сатаеваны  құттықтап,  оған   гүл  шоқтарын,  азық-түлік қоржынын  және     қала әкімінің атынан  ақшалай сыйлық  пен     түбіт орамал  табыс етті.  Жұпар  әжейдің  құлағы    нашар  еститіні  болмаса,   денсаулығы жақсы.     Жастайынан    Құран оқып,  намазға жығылған    кейуана, 2006 жылы Меккеге   қажылыққа  барып  келді.  Жұпар  әжейдің 10 баласы,  20-ға жуық немере  және   15 шөбересі  бар.

«Қаламыз гүлденіп,  халқымыз тыныштықта өмір сүрсін, еліміз  тыныш  болсын.    Басшыларымыз  адал,  ал  Президентіміз  Нұрсұлтан  Назарбаев    ұзақ өмір сүрсін деп тілеймін. Соның арқасында біз бүгін  осындай мамыражай тіршілік кешіп  отырмыз»,-  дейді Жұпар  әжей.

Ақтөбеде   жастары      100-ге толған   және   одан  асқан   сегіз   кейуана бар,  олардың ең   үлкені  - 108 жаста.    Ол - 1901   жылы туған  Батыш  әжей  Ескендірова.

Бүгін ұйымдар  мен  кәсіпорындар   өз   зейнеткерлері мен ардагерлерін  құттықтауда.   Биыл  өкімет   қайырымдылық  түскі астар өткізуден  бас тартты,  бірақ     барлық  кәсіпорындарға   өз зейнеткерлеріне     қамқорлық көрсетуге,    тізімдерді  кеңейтуге кеңес берді.   Қала  бойынша    40 мыңға   жуық     зейнеткер бар.

Әлеуметтік    көмек  орталығының  өкілдері жалғызбасты 810     қарияны     үйлеріне  барып құттықтайды,  студенттер де  қарияларға   көмек көрсету жөніндегі  дәстүрлі  шаралар  өткізеді.