Ақтөбенің жол полицейлері балалар қауіпсіздігі жөніндегі алдын-алу шараларын өткізуде

АҚТӨБЕ. Қыркүйектің 3-і. ҚазАқпарат /Мирал Жармұхамбетов/ - Жылдың басынан бері Ақтөбе өңірінде оқушылардың қатысуымен 32 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оларда 4 бала қаза болған, 30 бала жарақаттанған. Бұл жол оқиғаларға балалардың Жол қозғалысы ережелерін білмеуі негізгі себеп болған.

Ақтөбенің  жол полицейлері     балалар  қауіпсіздігі   жөніндегі     алдын-алу  шараларын өткізуде

Жаңа оқу жылының басталуымен балалардың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының көбею қаупі бар. Сондықтан да Жол полициясы басқармасының инспекторлары жыл сайын жолдарда оқушылар қауіпсіздігі жөніндегі іс-шаралар кешенін жүргізеді. Олардың жоспары бойынша, сондай-ақ «Абайлаңыз, балалар!» республикалық операциясының шеңберінде профилактика бөлімінің инспекторлары облыс орталығындағы мектептердің бірінде «Мектепке баратын жол» акциясын өткізді.

Алдымен, балаларға жолаушылар автобусының сыртына көшелердегі қауіпсіз қозғалыс тақырыбына суреттер салу ұсынылды. Одан кейін сақшылар бірінші сыныптың барлық оқушыларын ата-аналарымен бірге автобусқа отырғызып, Ақтөбе көшелерін аралады, жол жүру ережелерімен таныстырды. Оқушыларға көшеден қалай өту керектігі көрсетілді, «Жаяу жүргіншілер өткелі», «Абайлаңыз, балалар» жол белгілерінің маңызы туралы әңгімеленді, басқа да сауалдарға жауап берілді.