«Ақтөбенің» әйелдер арасындағы Чемпиондар лигасында қарсыластары анықталды

АСТАНА. KAZINFORM - Швейцарияның Ньон қаласында әйелдер арасындағы UEFA Чемпиондар лигасы 2026/27 маусымының екінші іріктеу кезеңіне жеребе тарту рәсімі өтті.

в
Фото: Kffleague.kz

Жеребе қорытындысы бойынша Қазақстан чемпионы атанған «Ақтөбе» әйелдер командасы шағын турнирдің 3-тобында бақ сынайды. Ақтөбелік клубтың қарсыластары - «Динамо Минск» (Беларусь), «Брейдаблик» (Исландия), «Серветт» (Швейцария).

Төрт команданың бірі шағын турнирді өз алаңында қабылдайды. Турнирдің жартылай финалдық кездесулері 5 тамызда, ал финал мен үшінші орын үшін матчтар 8 тамызда өтеді.

«Ақтөбе» 5 тамызда Исландияның «Брейдаблик» клубымен ойнайды, оны жеңген жағдайда «Динамо Минск» пен «Серветт» жұбының жеңімпазымен кездеседі.

Топ жеңімпазы Чемпиондар жолы арқылы әйелдер арасындағы Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алады. Екінші орын алған команда әйелдер арасындағы Еуропа кубогының екінші іріктеу кезеңінде ойын көрсетсе, үшінші орын иегері аталған турнирдің бірінші іріктеу кезеңіне түседі.

Жалпы алғанда, 19 команда жарысты алғашқы іріктеу кезеңінен бастайды. Ол матчтар 22 және 25 шілдеде өтеді. Ал екінші іріктеу кезеңінде бес жеңімпазға қосымша 39 клуб қосылып, кездесулер 5 және 8 тамыз күндеріне жоспарланған.

Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан 2026/2027 жылғы маусымдағы UEFA Чемпиондар лигасы екінші іріктеу кезеңіндегі алматылық «Қайраттың» ықтимал қарсыласы анықталды.