Ақұштап ақын елге шығып, рухани жаңғыру бағытында сөз қозғады

Шара барысында ақын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру бағытында өз ой-толғамдарымен бөлісті. Әсіресе, ұлттың рухани жаңғыруы үшін ұрпақ, соның ішінде қыз бала тәрбиесін мықтап қолға алу қажеттігін жеткізді. Отбасы діңгегі нықталып, мемлекет мәртебесі биіктей түсуі үшін әйел-аналар иманды да ибалы, ал ерлер айбарлы да айбынды, олардың қорғаны бола білуі керектігін айтты. «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға өз елін, өз жерін сүйетін әркім үлесін қоса алады. Бұл үшін алдымен туған жерге, Отанға деген сүйіспеншілікті жастардың бойына сіңіре білу керек.
Кеште Қаратөбе және Сырым аудандарының әкімдері Асхат Шахаров пен Абат Шыныбеков, ауыл адамдары елдің рухын көтеріп жүрген ақынға шынайы ізеттерін білдірді. Қаратөбе аудандық «Қаратөбе өңірі» өңірі газетінің редакторы, ақын Ертай Бимұханов Ақұштап Бақтыгереевтің өмірі мен шығармашылығына тоқталса, жас айтыскерлер, сырымдық Бауыржан Ширмединұлы мен қаратөбелік Райымбек Өтепов тілектерін өлеңмен жеткізді. Ақынның жырлары оқылып, әндері орындалды. «Көрерменнің өлеңге деген қошеметі мен ыстық ықыласынан руханиятқа шөлдеу, жан азығына ұмтылыстың әлі де мол екендігін ұғындық. Ақындар мен өнер адамдары осылай елді жиі аралап, мазмұнды кештер өткізсе дейміз», деді еңбек ардагері Орынғали Ермекқалиев.
Бүгін Ақұштап Бақтыгерееваның осындай жыр кеші көршілес Атырау облысы Қызылқоға ауданының орталығы Миялы ауылында өтпекші.