Ақылы болатын «Астана - Щучье» автожолынан бір жылда қанша ақша жинауға болады? - БАҚ-қа шолу
АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 31 қаңтар, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Астана-Бурабай» жолы. Ол неліктен ақылы болады?» деген тақырыппен Көлік және коммуникациялар министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Замир Сағыновпен сұхбат берілген. Сұхбаттан бұл жол неліктен ақылы негізге көшірілмек және оның құны қандай болады? Жиналған ақша қайда барып түседі? Мөлшермен алғанда бұл жолдан жылына қанша ақша жинауға болады? деген сынды сұрақтарға толық жауап берілген.
«Астана - Петропавл» автомагистралі дамыған Батыс Еуропа мен Шығыс Азия елдерінің жолдары негізінде салынған. Жоғары жылдамдықпен автокөліктердің жүріп өтуі кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жолдарды күтіп-ұстау қажет. Ал жолдарды жоғары деңгейде күтіп-ұстау бюджеттен қомақты қаражатты талап етуде. Сондықтан да 2012 жылы автожолдарды күтіп ұстауға жұмсалатын шығындар өзін өзі ақтау мен бюджетке түсетін жүктемені азайту үшін «Астана - Щучье» автожолына төлемақы жүйесі енгізілді. Төлемақы жүйесін енгізу бюджетке салынған қаражатты қайтаруға емес, автомагистральді тиісті дәрежеде күтіп-ұстауға бағытталатынын айта кеткім келеді»,- дейді З. Сағынов.
Оның айтуынша, ақылы автожолдармен жүріп өткені үшін енгізілетін тарифтер мөлшері қазіргі уақытта Үкіметтің қарауында. Автожолды күтіп ұстауға жұмсалатын шығындар мен трафик есебімен ақылы магистраль бойынша жүріп өткені үшін алынатын тарифтер жобасы алдын-ала анықталды. 1 шақырым автожолда жүріп өткені үшін жеңіл автокөліктерге орташа есеппен 1 теңге/шақырым, автобустар үшін 5-10 теңге/шақырым, жүк көліктері үшін 5-20 теңге/шақырым ақы төлемін енгізу жоспарлануда.
* * *
«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Қазақ дипломатиясы ұлттық мәселені қорғауда табанды» деген тақырыппен саясаттанушы, «Нұр Отан» ХДП хатшысы Ерлан Қаринмен болған сұхбат жарияланыпты. Онда Е. Қарин Алаш қайраткерлерінің күрес жолы қазіргі ұрпаққа жанкештілігі, табандылығы, қайраттылығы тұрғысынан үлкен тағылым-өнеге екендігін, шын мәнісінде, Алаш қайраткерлерінің күресі арқасында дербес мемлекетті құруға негізгі алғышарттар жасалғандығын ашық айтады.
Сұхбатта сондай-ақ латын әліпбиіне көшу мәселесі туралы да тұщымды пікірлер айтылған.
«Елбасы латын әліпбиіне көшу туралы бастама көтерді. Біз осыған байланысты «Аманат» клубында бірден үлкен жиын өткіздік. Басқалар үн-түнсіз қалды. Президенттің осы идеяларын іліп алып кету деген жоқ. Қазір әліпбиге қатысты 100 жоба ұсынылып отыр. Бітпейтін жарыс пен тартыс, бәсеке бұл. Тұрсын Жұртбай¬дың айтқаны дұрыс, қазақ журналистикасының алдында 100 жыл бұрын тұрған да, қазір де өзекті басты мәселе мен мақсат қазақ ынтымағы мен бірлігін қамтамасыз ету. Бізге ортақ шешімге жол іздеу қажет. Алаш қайраткерлерінің жолының өнегесі де осында ғой», - дейді ол.
* * *
«Алаш айнасы» газетінің кезекті бүгінгі санында «Ой-көкпар» айдары бойынша «Жастар саясатына бөлінген қыруар қаржы нәтижелі іске жұмсалып отыр ма?» деген мәселе көтерілген.
Газеттің жазуынша, соңғы жылдары елімізде жастар саясатына көп көңіл бөліне бастағаны белгілі. Жастар саясатының комитеті құрылды, ал аймақтарда жастар саясатының басқармалары ашылып жатыр. Сәйкесінше жыл сайын жастар саясатына бөлінетін қаржының көлемі де арту үстінде. 2012 жылы жастар жобалары мен ұсыныстарын іске асыру мақсаттында 1 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Соңғы екі жылдың ішінде ғана бұл салаға бөлінген қаржы 75 пайызға артыпты.
Бұл мәселеге Қызылорда облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма бастығы Жандос Базартай иә деп жауап беріп: Яғни жастар саясатына бөлінген қаржы ауаға кетіп жатыр деген пікір негізсіз. Бұл сала құрылыс емес. Бөлінген қаржының нақты заттай көрсеткіші ретінде белгілі бір материалдық дүниені көрсете алмаймыз. Жастар саясаты дегеніміз - идеология. Мен Қызылорда облысы бойынша ғана мысал келтірейін. Біздің аймаққа биыл 40 миллион теңге қаржы бөлінді. Бір жағынан бұл көп ақша болып көрінуі мүмкін, екінші жағынан біздің атқаратын шараларымыз, жобаларымыз да көп деп жауап қатса, жоқ деген ұстанымдағы тарихшы Нұржан Сәдірбеков: Жастардың, жастар ұйымдарының немен айналысып жатқанын теле жаңалықтардан-ақ көріп түсінуге болады. Мереке күндері жастарға бір түстегі көйлек кидіріп, қолдарына кішкентай ту ұстатып көшеге алып шыққаннан нақты жағымды нәтиже болмайды. Біздегі қаржының бәрі осындай шараларға кетіп жатыр, - деп өз ойын білдірген.
* * *
Сонымен қатар, газеттің жазуынша, қыстың қытымыр аязы ауыл тұрғындарын қос бүйірден қысып тұр. Бір жағынан, малдың жем-шөбі ортайып барады. Екінші жағынан, бағасы аспандап кеткен отын мен көмір маңайлатар емес. Қыс шанасын жаз сайлай алмағандар осылайша опық жеп, суық үйде тоңып отыр. «Ауылдағының аузы сасық» демекші, ауылдағы бағаны бақылайтын бір мекеме байқалмайды. Алыпсатарлар отын-көмірге ойына келген бағасын қойып сатып жатыр. Бұл туралы «Отынның бағасы ауылдықтарға оңай тиіп тұрған жоқ» деген мақалада жазылған.
Автор Қазақстан тұрғындарының жартысына жуығы ауылда тұратынын, Статистика агенттігінің ақпаратынша, 9,1 миллионнан астамы қалалық, ал 7,5 миллионы ауылдық болып тіркелгенін, Қазақстанның ауылдарын айтпағанда, қалаларының шеткі аудандарының өзі орталық жылу жүйесімен қамтылмағанын жазады. Мақалаға, Солтүстік Қазақстан облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық басқармасының бастығы Антон Федяев пікір білдіріп: «Отын-көмір бағасының қымбаттап кетуінің себептері әрқилы. Мысалы, Петропавл қаласы мен бірнеше аудандағы теміржол Ресейдің қарамағында, оларда тасымал құны жоғары. Кейбір аудандарда теміржол мүлдем жоқ, олар көлікпен тасиды. Ал, екіншіден, бұл бизнес - көмір кімде арзан, тұрғындар содан сатып алады. Теміржол тұйықтарында көмір қоры баршылық. Біз бюджеттік мекемелерді жазда отынмен толық қамтамасыз еттік. Ал жеке азаматтар қайдан, қалай алам десе де өз еркі», - дейді.