Ақылы бөлімде оқитын озат студенттерге қосымша білім гранттары тағайындалды
Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев аталған гранттарды тапсыру кезінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетейік, биылғы жылдың басында әлемдік қаржы дағдарысында ақылы бөлімде оқитын студенттерді қолдау мақсатында мемлекет тарапынан қосымша білім беру гранттары тағайындалған болатын. Аталған гранттардың иегері атанудың басты талабы бойынша оған үміткер студенттің бағалары жоғары болуы тиіс болатын.
Министрдің сөзіне қарағанда, республикалық конкурстық комиссияның наурыз айындағы бірінші отырысында ақылы бөлімде оқитын озат 9 мың 975 студент қосымша гранттарға көшірілді.
«Республикалық комиссия жазғы сессияның қорытындысы бойынша тамыз айының соңында екінші отырысты өткізіп тағы да ақылы бөлімде озат оқитын 1 мың 525 студентке гранттар тағайындады. Енді бұл студенттердің барлығы 11 мың теңге көлемінде ай сайын шәкіртақы алатын болады»,-деді министр.
Жалпы алғанда 2009 жылы қосымша білім беру гранттары 11 мың 500 студентке тағайындалды.
Ж. Түймебаевтың айтуынша, грант иегері атанған осы студенттерге жылына екі рет қоғамдық көлікте жүрулері үшін 5 мың теңге қосымша қаржы төленеді.