Ақын Н. Айтұлының «Арқатірек» поэмалар шоғыры ҚР Мем­ле­кеттік сыйлығына ұсынылды

АСТАНА. 15 шілде. ҚазАқпарат -  Ақын Не­сіпбек Айтұлының «Арқатірек» («Сары Арқа». Баспа үйі, 2010 ж.) поэ­малар шо­ғыры Қазақстан Республикасы Мем­ле­кеттік сыйлығына ұсынылды.

Ақын Н. Айтұлының «Арқатірек»  поэмалар шоғыры  ҚР Мем­ле­кеттік сыйлығына ұсынылды

Несіпбектің шығар­машылығын қыдыра шолғанда оның алтын арқауы Алаштың азаттығы, ұлттың ұлылығы екені көзге айқұлақтана шалынады. Ана бір жылдары «Бәйтерек», «Көкала үйрек», «Ту», «Ақ­мо­ла шайқасы» поэмаларымен жұртты жалт қаратқан ақын енді кемел шабыттың шарпуында екен. Несіпбек жырларын оқығанда осы­ған анық көз жеткіздік, деп жазады  Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Серік Ақсұңқарұлы «Айқын» газетіндегі  зертеу мақаласында.

Ақындық - тәңірдің берген сыйы. Кез келген ақын ұлт ақыны деңгейіне көтеріле алмайды. Ұлтты жырлау елдік мүддені жыр­лау ғана емес, ол үшін бүкіл болмы­сыңнан, шығармашылығыңның өн-бо­йынан ұлттық рух жусан иісіндей бұрқы­рап тұруға тиіс.
Тәуелсіздікті жырламаған ақын жоқ. Ал сол азаттықты барынша таным-түй­сігімен түсіне, жеріне жеткізе, егіле жыр­лаған ақын сирек. Сол сиректің бірі - Не­сіпбек. Отар­шылдық қиянатын ерте сезінген қазақтың осы қара баласының ел егемендігі хақындағы жырларының әр шумағын тебіренбей, еміренбей оқу мүм­кін емес. Екі бірдей өк­тем елдің тегеруінді тезіне түсіп, ел-жұр­тының егемендігін са­ғына, сарғая күткен атаның ұрпағы, ар­қалы ақын Несіпбектің берісі - Алаш, әрісі - адамзат үмбетіне ай­тар сөз, ағытар сыры аз емес. Бодандықтың не бір сұр­қиялығын бесіктен белі шық­пай, көңілі­не түйген шерлі Несіпбектің Тәуел­сіздікке тәу еткен жыр-толғаулары біздің өлең­дерімізден гөрі табиғи әрі шынайы екенін мойындауымыз керек! Несіпбектің өмір­баяны, тағдыр-таланы бізден өзгешелеу болды. Сондықтан да тәуелсіздік таңы атқан шақта күрмелген тілі шешілді, шідерден босаған жүйріктей көсілді.

Күштіге тізе бүгіп басым келген,
Айырылдық атақоныс асыл жерден.
Қымбатқа түсті бізге бұл азаттық,
Хан Кене, Махамбеттер басын берген...

Ақын жырларын оқып отырып бая­ғы Бұқар-екең айтатын «Бағаналы орда, басты орда, Байсал орда қонған жұрт, Қара түлкі қармалжық, Қас сыпайы киген жұрт, Ақ­сары атам аспалап, ел жаулауға шыққан жұрт, Хақтың жолын күзетпей, Жаман­дықты ұққан жұрт; Бас, аяғың бай болып, Бәсеке дәурен сүрген жұрт; Бай төбетің маңқылдап, Байсал тауып үрген жұрт» де­гендей көптен күткен алтын күлдіреуішті тәуелсіздігіне тәу етіп, сырлы да сырбаз сұлу сөзден мол олжа салған екен дейсің! Не­сіпбек ұлттың уызына, мәйегіне жа­рыған ақын. Ол бүгінгі болмысқа, ірі бет­бұрыстар­ға бей-жай қарай алмайды. Бүгінгі мен өт­кенді шабыстыра, шендес­тіре тол­ғайды. Қазақ сөзінің құдіреті мен қарымын шебер пайдаланады. Сол үшін оны кө­неден қалған бір сарқыт дерсің. Сол көненің көзіндей бір тұяқ бүгінгі тә­уелсіздік бақытын, қазақтың сол жолда өткені мен кеткенін жырлау үшін ара­мызда жүргендей.
Иә, Тәуелсіздік біз үшін мың мәрте киелі ұғым! Бүгінде дүниедегі өркениетті жұрттардың көшін бастап, басқа елді өр кеудесімен жасқап отырған АҚШ-тың өзі өз Тәуелсіздігі үшін қаншама жыл қан кешіпті. Ал туасы ел болғаннан бері бі­реуге бодан болудың не екенін білмей келе жатқан мемлекеттер де бар екен. Жа­пония, Ұлы­британия, Швеция, Испа­ния­лардың ше­жіресінде Тәуелсіздік күні атымен жоқ көрінеді! Олар баяғыдан бостан, бізше бі­реуге жаутаңдап, көсем­сінген көрінгеннің қас-қабағына қа­рамаған...Өзінен басқаға, өзгеге қызмет етпеген! Ұлы - құл, қызы -күң болмаған! Оларда бәрі бар - ағыл-тегіл байлық, мамыржай тіршілік, емен-жарқын күлкі, тіпті адамзатқа ортақ ақша бірлігі - доллар, атом бомбасы... Бірақ бүгінде олар­дың ақындары не жазарын білмей қалды. Еуропа қартайды. Рухани, мораль­дық тұрғыдан артқа шегінді. Ке­рісінше, біздің Шығыс - небір ұлы ақын­дары бар, тәуелсіздігін, елдігін қадір тұтар көне Шығыс қайта оянды. Өткен мен бү­гінді, Шығыс пен Батысты толағай ойлап, өрелі ой айтатын, халқына, еліне жаршы бола­тын көркем ойдың хас шеберлері туды. Олардың инерциясы, шалғысы суылда­ған қы­рандай отты тебіні қаймана халқын
алға қарай жебеуде. Осы бір құбылысты басқа ел емес, біз өзіміз бағалай білсек-ті! Ғаламдық рухани кеңістікте алдына ел салмай, ешкімге ұқсамай ерек тұрған қазақ жырының айтулы тұлғасы Несіпбек Ай­тұлының поэзиясы отаршылдық ойраны­на лағынет айтқандардың көш басында тұр. Сондықтан да ол кеңестік кездің өзінде:

Сыртым бір қоңыр бағылан,
Ішім бір кекті қабылан.
Қабылан айбат шегеді,
Қабанға азу жаныған, - деп жасқан­бай жырлады.
Бұл толғауды асылдың сынығы - ме­­нің Бекболат інім қара қобызда күңірентті.
«Шөп шыққан жеріне шығады», «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген бар. Алтын демекші, қазаққа Тәңірі мына дүниедегі игіліктің бәрін берген. Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр аймақтың асты да - алтын, үсті де - алтын. Онда ғұ­мыр кешкен Алтын киімді ханзадалар­дың атының ер-тұрман, жүгеніне дейін алтынға апталып, күміске күптелген. Бұл - Адам-Ата - Һауа Ана жаралғалы бір-бірімен алтын үшін арбасып, неше түрлі қырғын соғыстар жасаған былайғы адамзат нәсілінің өңі түгілі, түсіне де кірмейтін дүние. «Аз сөз - алтын, көп сөз - көмір» деп, аузынан шық­қан лебізінің өзін саф таза алтынға балайтын да осы жұрт. «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы» (Абай). Содан болар, қазақтың маңдайына Құдай Тағала жазған құт-ырыстың ішіндегі ең кереметі - қара өлең. Оның мына жарық жалғанда қай аттың үс­ті, қай түйенің қо­мында, қандай дуалы ауыздан қалай түсе салғаны бір Аллаға ғана аян. Белгілісі - VII-VIII ғ.ғ. тасқа таңба­ланған Тоныкөк, Күлтегін, Білге Қағанның қаһармандық жырлары, Жүсіп Баласұ­ғынның «Құтадғу білік» дастандары. Бұлар біздің елдің жан-жүйесін тебірентіп, ет жүрегін елжіретіп жатқанда бүкіл Еуропада мұндай шаһқар (шедевр) туындылар мен озық үлгілер болмаған. Бұған халық эпосын қосыңыз! Одан - Абай, Мағжан, Қасым, Мұқағали, Фаризалар шығады ғой.
Осыншама ұлы тұлғалар жайғасқан қазақ жырының төріне шығу түгілі, бо­сағасынан сығалаудың өзі жұмырбасты пендеге қиямет-қайыммен пара-пар дү­ние. Ананың құрсағынан жарық дүниеге келу­мен сол анаң, әкең, ата-бабаң жүрген ұлттың рухани айнасы ұлттық поэзияға жету - жер бауырлаған пенде баласының со­ның тартылыс заңын талқандап бұзып, ғарыш­қа көтерілгеніне ұқсас құбылыс! Әсіресе, дәс­түрі берік, тарихы терең, тұлғалары бірінен-бірі өткен ірі, ұлттық бояуы мың құбылып, көзді арбап, көңілді алаң етіп, көкіректі көл-көсір сезімге бө­лейтін қазақ жыры­ның қақпасын айқара ашудың азабы, тіпті бө­лек. Менің ақын досым Несіпбек Айтұлы соның бәрін өзегінен өткізіп, басынан кешіп, қазақ өлеңіндегі «Кел, кедей, басың қос жал­шы­мен, Байларды қойдай қу қамшымен» - дейтін қара дүрсін сарынды қамшылап қуып шыққан қаракөктердің қатарын түзейді. Біз Қазақстан Жазушылар одағы­ның Коммунистер (Абылайхан) даңғылы, №105 үйдегі ғимараттағы есігі­нен алғаш сығалағанда осындай өлеңсымақ­тар тө­бемізде ойран салып жүрген. Қайран Қа­сым жалғыз өзі жағасынан алып, кейін Мұ­қағали, Қадыр, Тұманбай, Өтежандар біраз сілкілеген бұл сілімтіктің сілікпесін шығарған осы Несіпбектер еді.
Сол кездегі біздің буыннан Мұқағали Мақатаевтың көзі осы Несіпбекке түсті. Қазақтың қайнаған қалың ортасынан шығып, бізше орысша сақауланбай, ұлт­тық ойлау жүйесін жан дүниесіне сіңірген Не­сіпбектің өлеңдеріне Мұқағалидай Мэтр­дің жан тартуы тегіннен-тегін емес еді. Дантенің «Тәңірдің тәлкегін» тәржі­малап жүрген ұлы ақын Мұқағали Несіпбек шы­ғармашы­лығындағы эпикалық са­рынды сол кезде-ақ аңғарды. Несіпбек Ай­тұлы ке­йіннен қазақ батырларының тұтас бір поэ­тикалық по­нарамасын жасап, Абылай, Бөгенбай, Қа­банбай, Бердіқожа, Шақантай, Кенесары, Тайжандардың қа­һар­мандық образдарын сомдап шықты.
Мынау - Жалаңтөс:
Жалғанның жанған отын өшірмеген,
Тірлікте жұмбақ қанша шешілмеген.
Шешесі тұңғышына жерік болып,
Көкжалдың дейді қақтап төсін жеген.

Тереңге батырса да заман, мейлі,
Атағы аспандаған ер өлмейді.
Жарқырап апай төсі жауды қуып,
Жалаңтөс атанғаны содан дейді.

Мынау - Төлегетай:
Бұлыңғыр өткен өмір бұлдыраған,
Тұмандай түнереді тұнжыраған.
Тұтасқан көк мұнардың арасынан,
Жалт етіп көрінер ме мұңлы бабам?
Толқыннан толқын қуып кетіп жатыр,
Тіршілік аққан судай сылдыраған
Түйінін тоқсан түрлі дүниенің,
Түгелдеп бас-аяғын кім құраған?
Жұрнағын жинай алмай жұртта қалған,
Ел едік Тәңірге шын жылаған.

Шапырашты Наурызбайға қараңыз:
Ұлы жүз Шапырашты - арғы тегі,
Асылдан бергі жағын өрбітеді.
Құдайым құрсақтыны құр қалдырмас,
Әр елдің маңдайына ер бітеді.

Қай заман ұлы шайқас тоқтағалы,
Қоздайды, көне тарих шоқтанады.
Жатқаны Дегересте - әшейін сөз,
Түскен жоқ алып батыр аттан әлі!

«Өтіп барады эпостың есіл дәурені...» («Умчался век эпических поэм») деп еді Юрий Лермонтов ХІХ-ғасырда. Орыс­тың әр сөзі пайғамбардың лебізін­дей естілетін сол кер заманның өзінде қазақ поэзиясы оған пәлендей елең ете қойған жоқ. Неге? Өйткені біз эпостан туған жұрт едік. Дү­ниенің саяси картасында эпос елі атанған жұрт саусақпен санарлықтай. Оның сонау төркін жұртында «Илиада» мен «Одессея­ны» жасаған гректер тұр. «Махаб­харата» мен «Рамаяна» эпосымен үнді жұр­ты көзге қиядан шалынады. «Эдда» жырын туғызған Скандинавия мен «Нибелунги» жырының иесі немістердің ақ маңдайы алыстан жарқырап көрінеді. Эпос ат үстінде 3 мың жылдай сайран салған көшпелілердің қанына сіңіп, сүйегіне кірігіп кеткелі қашан?! Орыста «Игорь жасағы туралы» жалғыз жыр ғана бар. Оның өзінің шыққан тегі әлі күмәнді. Ал біздің «Алпамыстан» бастап, «Қыз Жібектерге» дейінгі аралық­тағы халық эпосы қаншама? Қазақстан Ғылым Академиясының қолжазба қорын­да шаң басып жатқан бес жүзге тарта томдар­ды айтпағанда... Ұлттық Тәуелсіздігімізді ұранды жырына қосып, қазақ эпосын қайта жаңғыртқан Несіпбек Айтұлының «Ар­қатірек» поэмалар циклы Қазақстан Рес­публикасы Мемлекеттік сыйлығына бірден-бір лайық шығарма. Ұлттық ой, сана, дәс­түрден бастау алатын өнер туын­дысы мен эксперимент, еліктеу-со­лықтаудан жасалған жасанды нәрселер - қара жолда өскен қазақ пен асфальтта өскен қазақтай бір-біріне кереғар дүние. Атажұрт, шыққан тегінен айнымаған шығарма ғана «Табаны жерде тұрғанда, тапжылмайтұғын Антейдей» (Кеңшілік Мырзабеков) өміршең болмақ.
Суреткерлік - Несіпбек поэзиясының басты сипаты. Оның қаламынан адам мінезі, табиғат тынысы, оқиғалардың бір­ден бірге ауысуы табиғи, теп-тегіс, жұмыр күйінде туады. Көп ақындарға алынбас қамалдай көрінетін ерлікті, есерлікті, соғыс жағдайын өте нанымды сурет­тейді.
Қаһарлы Наурызбай алып күшті,
Дүлейді бір ұрғанда қағып түсті.
Бөксесі ертоқымнан қопаң етіп,
Өкіріп аттың жалын барып құшты.

Аяғы көктен келді тыраң асып,
Серпілді сансыз қалмақ тұра қашып.
Естерін қайта жинап кескілесті,
Қырғанда қазақ қолы қуа басып.

Келгені анық еді өліскелі,
Өліспей қалмақтар да беріспеді.
Шайқасқа кірді қойшы-қолаңы да,
Иен қап өрген малы өрістегі...

Поэмада Наурызбай батырдың ерен тұлғасы ерекше сомдалған.
«Төлегетай» поэмасы да ғасырлар қой­науынан сыр шерткен тарихи жыр-шежіре. Қалың оқырман көптен көз жазып қалған мұндай шығармалар бүгінгі ұрпақ үшін ауадай қажет.
Қазақтың қассиетті әр атасы,
Биік тұр не шоқтығы, не жотасы.
Аттарын ауызға алсам,
Кең даланың
Тебіренер өзге түгіл қара тасы.

Тегін білу тектілік. Тәуелсіздіктің ру­хани тірегі, айбыны - қазақтың қазақты­ғы. Ертедегі бабалардың Атыраудан Ал­тайға, Сыр бойынан Сібірге дейінгі ұлан-ғайыр жерді уысында шайқалтпай ұстап тұрғаны аян. Біз сондай іргелі ел болған екенбіз. Осындай ұлан-ғайыр кеңістікте біздей біртекті, бір тілді халық кемде-кем. Импе­рия­лық және кеңестік қуғын-сүргін кезінде де іштегі, сырттағы қазақты тілінен, ұлттық болмысынан айырмай сақтап қалған - сол ұлы құдірет. Кезіндегі үлкен елдіктің ша­рапаты, ұлттың ішкі иммунитеті. Соның арқасында бүгін тәуелсіз ел болдық. Киелі көне жұртымызда қайта шаңырақ көтеріп, еңсе тіктедік. Ендеше, жоқтан пайда болмадық.
Даңқына дара батыр шаң қонбаған,
Тұранның тұтастығын армандаған.
Көк туды қорғайды енді киесімен,
Ерліктің ата жолын салған бабам, - дейді,
«Жалаңтөс» поэмасында ақын.
Ата-бабамыздың бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған, бірін-бірі желеп-жебеген, бірде байтақ даланың ол шетінде, бірде бұл шетінде жүріп қасиетті қалың жұртын жаудан қорғаған ерлігі - ақын шығармашылығының алтын өзегі.
Бүгінгі қазақ поэзиясының жампозы Несіпбек - Тәуелсіздік пен елдіктің, еркін ойдың, кемел келешектің жаршысы. Ол нағыз ақынға тән болмысымен, азаматтық ой-пікірімен азаттықтың асқақ жыршы­сына айналды. Сондықтан ол өз заман­дастарынан оқ бойы алда келеді. Маған ол кейде эпикалық жанрдың шашасына шаң жұқпас жүйріктері - кешегі Ілияс, Мағжан, Иса, Нұрқандардың бүгінгі тірі жүрген көзіндей көрінеді...
Несіпбек екеуміз 2008 жылы осы сыйлыққа қатар ұсынылып, қатар шаптық. Екеуміз де көмбеде сүріндік. Дұрысы - сүріндірді. Сол көпе-көрнеу әділетсіздікті республикалық баспасөз ұлардай шулап жазды. Әсіресе, марқұм Ақселеу ағам ашына айтты. Амал не, болар іс болды.
Біздіңше, Мемлекеттік сыйлық Мем­лекеттік мүддені, Тәуелсіздікті ту етіп кө­терген шығармаға берілуі керек. Ендеше, азаттықтың асқақ жыршысы Несіпбек Айтұлының «Арқатірек» кітабы мұндай мәртебелі марапатқа әбден лайық. Мұқағали ағаң аузыңа түкірген сені киелі жыр перісі, өзің жырлаған бабалар рухы қолдасын, бауырым, Несіпбек демекпін!