Ақын Олжас Сүлейменовтің достары мен әріптестері оған туған күніне орай сирек кездесетін құнды кітап сыйлады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын Олжас Сүлейменов 79 жасқа толды. Осыған орай Қазақ ұлттық аграрлық университетінде өткен мәдени шарада ақынның достары мен әріптестері оған «22 данышпан» деп аталатын сирек кездесетін өте құнды кітапты сыйға тартты.

Ақын Олжас Сүлейменовтің достары мен әріптестері оған туған күніне орай сирек кездесетін құнды кітап сыйлады

«Біз Олжас Омарұлымен студенттік кезеңнен бастап доспыз. Мен онымен өткен ғасырдың 70-жылдары Балтық жағалауында танысқан едім. Біз тек дос қана емеспіз әрі бірге жұмыс істейміз. Әр жылы Олжастың туған күні Қазақстанға келу - біз үшін дәстүрге айналды», - деді ресейлік жазушы Вера Афанасьева.

Оның айтуынша, бүгін бір топ ресейлік ақын-жазушылар Олжас Сүлейменовтің туған күніне орай оған «22 данышпан» деп аталатын кітап алып келіпті. Кітап Нью-Йорк қаласында басылып шыққан. Оның авторлары - әлемнің түкпір-түкпірінде өмір сүретін 22 атақты тұлға. Солардың бірі - Олжас Сүлейменов.

«Бұл - баға жетпейтін құнды кітап. Онда жер бетінде бейбітшілікті қалай сақтау керектігі, соғысты болдырмау жолдары жан-жақты жазылған. Олжас әрі ақын әрі философ әрі данагөй ретінде адамзаттың бұдан әрі қарай қалай өмір сүруі керектігі жайында 18 бетке өз ойларын жазды», - деді В. Афанасьева.