«Ақырзаман күні» Атырауда жарық сөнді
АТЫРАУ. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат - Атырауда 21 желтоқсан күні болатын ақырзаман туралы өсек-аяңдар расталғандай: бүгін қаланың көптеген шағынаудандарында жарық сөніп, жолдарда кептелістер пайда болды.
Жарықтың сөнуі, жолдардағы көліктердің тұрып қалуының майя күнтізбесіне қатысы жоқ. Барлығына табиғи сүргіндер кінәлі болуда. Бүгін таңертең Атырауда биылғы жылы алғашқы қар түсті. Жай ғана қар емес, бірде бір минутқа толастамайтын қар жауды.
Қыс қаһарына іліккен жол қызметкерлері көшелерді тазалауға үлгермеуде. Соның салдарынан кептелістердің саны өсіп, апаттар көбейді: жазғы резинаны қысқыға ауыстырып үлгермеген көптеген жүргізушілер қыс туралы бүгін ғана естеріне түсіргендей.
Қармен қоса қатты жел тұрып, ол электр тасымалдау сымдарын үзіп жатыр. Желіде электрик мамандардың 15 бригадасы жұмыс істеуде.