Ақжан – Ұлы даланың мәдени феномені
АСТАНА. KAZINFORM – Астана топырағында туған Ақжан атты қылқұйрық байтал шығар жастан асты. Ғанатлы және Табыс деген түрікменнің таза қанды ақалтекесінен туған текті төлдің суреті әлеуметтік желіде ат көркінің символындай тарап жүр.
Ақжан – өте сирек кездесетін қылаңбоз түсті жылқы. Түгінің түсі жарықпен қанығып, ерекше көрік беріп тұрады. Мұндай реңк көзінің түсін де қанық ете түсіп, жер бетінде кездеспейтін тым ерекше жылқы малы қылып көрсетеді. Ақпейіл, ақкөңіл, ақниет деген сөздермен жағымды рух пен сананы сипаттайтын қазақ танымында жылқының мұндай түсі иесіне ақжолтай хабар жеткізуші, қасиетті пырақ болып есептелген.
Мәдениеттанушы Әсел Никамбекова қазақ пен жылқының достығы Елтаңба нышанында айқын көрініс тапқанын еске салады.
– Мемлекеттілікті айқындайтын рәміздерге келсек, мұнда көне түркі мифологиясы басым. Қазақ мәдениеті көшпелі және отырықшы өмір салтының тарихи кезеңдерінен өтті. Ботай мәдениетінің археологиялық ғылыми кешені мен Серікбол Қондыбайдың еңбектерінде «жылқы культі» қазақ мәдениетінің басты символына айналған, – дейді ол.
Көне шумер өркениетінен бүгінге дейін қазақ мәдениеті мен танымы қалай қалыптасқанын тереңнен қазып жазған Серікбол Қондыбай «Қазақ мифологиясына кіріспе» атты еңбегінде «мифтік арғымақ» ұғымын келтіреді. Оның пайымынша, жылқы – көшпелі өркениетті айқындайтын басты фактор болған.
- Халқымыздың салт-дәстүрінде жылқы аспан денелеріне атау беруде, уақытты өлшеуде және емдік ғұрыптарды өткізуде пайдаланылған. Меніңше, қазақтың мифологиялық танымындағы жылқының ең басты құндылығы – мемлекеттілік, Отан қорғау және халықтың бірлігі. Ілияс Есенберлиннің «Алтын аттар оянады», Мұхтар Мағауиннің «Жүйрік», Ақселеу Сейдімбектің «Қазақ әлемі» еңбектерінде де жылқы қазақ халқының моральдық-адамгершілік құндылықтар жүйесіндегі алтын діңгек ретінде сипатталады, - дейді Әсел Никамбекова.
Қылқұйрыққа алғаш шалма тасталып, ноқта салынған мекен қазақ даласы дейтін ғылыми тұжырым бар. Біздің дәуірімізге дейінгі IV мыңжылдыққа жататын Ботай мәдениетінің археологиялық олжаларын қазіргі Қазақстан аумағында адам баласының жылқыны алғаш қолға үйреткеніне, оны міну мен шаруашылық қажетіне пайдаланғанына дәлел ретінде келтіріліп жүр.
Бу машинасы пайда болғанға дейін құрлықтағы басты ұтқыр көлік болған жылқы адамзат тарихына ең көп ықпал еткен жануар деп есептеледі. Жылқы адамға жылдамдық пен еркін қозғалыс сыйлап, көкжиегін кеңейтуге, сауда жасауға, әскери жорықтар ұйымдастыруға және ұлан-ғайыр кеңістіктерді біріктіруге мүмкіндік берді. «Атың барда жер таны желіп жүріп», - дейтін қазақ мәтелі соның дәлелі іспеттес.
Қазақстан даласының петроглифтеріндегі аңшылық, ғұрыптық рәсімдер мен әскери көріністердің көбінде жылқы адамнан кейінгі орында бейнеленген. Берелдегі патшалар пантеонында бектер өзі мінген сәйгүліктермен бірге жерленген. Жер бетіндегі күрестің бәрін адал серігі болған жылқы мал арғы дүниеде де иесіне алғаусыз қызмет етеді деген наным болған көшпелі жұртта.
Ақжан осы мыңжылдық дәстүрдің бүгінгі жалғасына айналып отыр. Оны сирек кездесетін сұлулығына қарап, Астананың жаңа символына балап жатқандар бар.
Ақжан есімінің символдық мәні де зор. Қазіргі түсініктермен талдасақ, «кіршіксіз жанның» астарында таза ниет, заңнан аттамау, әдептен озбау, тәртіпті бұзбау идеяларымен сабақтас терең мәдени мазмұн жатыр.
Қоғамға қазір қажет болып тұрған басты құндылықты Ақжан есіміне тоғыстырудың ар жағында қазаққа жақын жылқының тартымды бейнесі арқылы жаңа мұратқа үндеу жатқандай.
Сондықтан біреу үшін Ақжан бейнесі жылқы баласына деген құрмет, біреу үшін келешектен күтетін бетбұрыстың бастауы, тағы біреу үшін әділетті әрі ақ пейілді қоғам құрудың символдық көрінісі.
Ақжан – Ұлы даланың қылаңбоз тұлпары ғана емес, ішкі және сыртқы тазалықтың сәнін ұғындыруға ықпал ететін мәдени феномен.
Одан әрі тереңдесек, азаматтық жауапкершілік пен моральдық бағдарды қалалық болмыс пен ұлттық сананы үйлестіретін жаңа кезеңінің метафорасына айналып отыр.
Әлеуметтік желіде Ақжанның бейнесін көрген қолданушылар үнсіз қалып жатқан жоқ. Меңсіз жылқының мінсіз кескіні көзге ыстық тартып, Астананы шыны ғимараттар мен тас көшелердің оркестрі ғана емес, қазақи өркениеттің жаңаша түрленген орталығы етіп көрсетіп тұр.