«Ақжайық» резерватындағы қамыс өртін сөндіруге 15 техника жұмылдырылды

АТЫРАУ. KAZINFORM – «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты республикалық мемлекеттік мекемесі аумағының 26-кварталынан 30 сәуір сағат 17:03-те өрт анықталған. Сағат 20:00-дегі дерек бойынша жалын шамамен 12 гектар аумақты шарпыған.

қамыс
Фото: Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі

Өрттің неден шыққаны анықталу үстінде. Сөндіру жұмыстары сағат 18:33-те басталды. Жұмысқа «Ақжайық» резерватының күштері мен құралдары, облыстық төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерінен 47 адам мен 15 техника жұмылдырылды.

Өртті толықтай ауыздықтау жұмысы жалғасып жатыр.

- Ашық өрт ошақтарындағы от өшірілді. Елдімекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Жағдайды жедел қызметтер бақылауда ұстап отыр, - деп хабарлады Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.

Бұған дейін 1 сәуірден бастап ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Республикалық жедел басқару орталығында күнделікті кезекшілік ұйымдастырылып, қажет болған жағдайда тәулік бойы жұмыс істеу режиміне көшу мүмкіндігі қарастырылатынын жазған едік.