Ақжайықта 90 жастағы майдангер Қ.Қоспаевқа құрмет көрсетілді

ОРАЛ. 6 қаңтар. ҚазАқпарат - Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылының тұрғыны Қасен Қоспаев жаңа жылдың алғашқы күндері 90 жасқа толды.

Ақжайықта 90 жастағы майдангер Қ.Қоспаевқа құрмет көрсетілді

Осыған орай майдангердің шаңырағына арнайы келген аудан әкімі Нариман Төреғалиев Қасен Жақауұлына облыс басшысы Нұрлан Ноғаевтың құттықтауын жеткізіп, сый-сияпат табыс етті, елдің ақылман ағасына риясыз көңілден ғасырлық ғұмыр тіледі. Тоқсанның төріндегі абзал ардагерді аудандық ардагерлер кеңесі, қорғаныс істері жөніндегі бөлім, Чапаев ауылы әкімдігінің өкілдері де шын жүректен құттықтап, естелік тартулар тапсырды.

Осы ауданның Мерген ауылында дүниеге келген Қ.Қоспаев І Украина, І және ІІ Белоруссия майдандарында барлаушы, взвод командирі болып, Отанды және басқа көптеген елді фашистік басқыншылардан азат етуге қатысты. Бейбіт майданда да мұғалім, мектеп директоры, аупарткомдағы жауапты жұмыстар, сосын қос бірдей ірі кеңшарды басқарған оның бай өмірбаяны жас ұрпақ үшін ерлік пен еңбек мектебі болып табылады. Ал 1991 жылдан бастап аудандық ардагерлер кеңесін 20 жыл үздіксіз басқаруы да еліміздің шырайлы шежіресіне үлес болып қосылды.