Ақжайықта Жұбан туралы қос кітаптың таныстырылымы болды

ОРАЛ. Қыркүйектің 13-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО-ның Ақжайық ауданында Ж.Молдағалиевтің 90 жылдығына орай шығарылған «Жұбан» және «Қазақтың Жұбаны» атты қос кітаптың таныстырылымы болды,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Жұбан" кітабының авторы - белгілі өлкетанушы Жайсаң Ақбай. Ол бұл еңбегінде ақынның туған топырағы, өсіп-жетілген ортасы, шығармашылық өнерінің қалыптасуы жайында кең қамтып, екеуара ой-пікірлерден құралған әңгімелерді, әртүрлі кездесулердегі ұмытылмас сәттерді баяндайды. Екінші кітап Ақжайық ауданы әкімдігі тапсырысы бойынша жинақталған естеліктерден құралған. Екі кітап та ақын өмірінен сыр шертетін фотосуреттерге бай. Мұның ішінде бұрын жарық көрмеген фотосуреттер аз емес.

Биыл аудан әкімі Абай Иманғалиевтің бастамасымен "Жұбантану" экспедициясы ұйымдастырылып, ол әйгілі Жыланды өңірінен бастап, ақынның табаны тиген жерлердің бәрін аралап шыққан. Бұл экспедиция сонау Алматыға дейін барып, Кеңсайда жатқан ақынның басында болған, құран бағыштаған. Жұбанның отбасымен кездесіп, ақынның ұстап-тұтқан дүниелерін алып, оралыпты. Соның нәтижесінде аудандық мұражай жаңа жәдігерлермен толыға түскен. Осы экспедицияның жұмысын қорытындылаған аудан әкімі ақынның атажұртына таяу жерге тәу-тұғыр, ал аудан орталығына ақын ескерткішін орнату жөнінде шешім шығарыпты. Бұл жұмыстар да орындала келген.

Тұсаукесер рәсімінде педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев "Жұбан" кітабына ғылыми тұрғыдан баға берсе, аудан ақындары Тілес Жазықбай, Үзілдік Елеубайқызы кітаптың Жұбантануға қосылған сүбелі еңбек екенін атап өтті. Ұстаз-ақын Сағынтай Бисенғалиев жырдан шашу шашып, өзі тәрбиелеген шәкірттерін сахнаға шығарды. Абай атындағы гимназияның 10-сынып оқушысы Асхат Байжұменов "Мен - қазақпын" поэмасын мәнерлеп, тебірене оқыды.

Кітап авторы Жайсаң Ақбай ризашылығын білдіріп, жинақты жылы қабылдаған жұртшылыққа алғысын жеткізді. Абай Иманғалиев бұл құнды кітаптардың ақынның мерейтойы қарсаңында қалың жұртшылыққа үлестірілетінін мәлімдеп, келген қонақтарға алғыс айтты.

Соңғы жаңалықтар