Ақжолдық Мәжіліс депутаты Аманжан Рысқалидің орнын Талған Ерғалиев басты
АСТАНА. 15 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы Мәжіліс депутаты Аманжан Рысқалиевтің өтінішін қарап,
талқылаудан кейін оның мандатын Талғат Ерғалиевке беру туралы шешім қабылдады.
Партия баспасөз қызметінің атап өтуінше, А.Рысқали өз өтінішінде мұндай шешімді қоғамда резонанстың туындауына және моральдық-этикалық түсінікке байланысты қабылдағандығын, бірақ партияның мүшесі болып қала беретіндігін көрсеткен.
Ал оның орнын басатын 45 жастағы Талған Ерғалиев «Ақ жол» партиясы орталық кеңесінің өңірлік саясат жөніндегі хатшысы болып табылады.
Осы мәселеге байланысты сөз алған Азат Перуашев А.Рысқалиге қатысты жағдайды бағалау кезінде біреулердің өсек-аяңына сенбеуге, тек ресми ақпаратқа назар аударуға тағы бір мәрте шақырды.
«Аманжан Рысқали біздің әріптесіміз, мына өтінішке сәйкес ол партия мүшесі болып қала береді. Біз оған амандық әрі денсаулық тілейміз», - деді ол.
Сонымен қатар партия төрағасы әріптестеріне орын алған ауыс-түйістен сенсация жасаудың қажеті жоқтығын ескертіп өтіп, ағымдағы жылдың 15 қаңтарындағы сайлаудан кейін партия атынан депутаттардың тізімін бекіту барысында орталық кеңестің Парламентте «Ақ жол» өкілдерін кезең-кезеңімен ауыстыру ұсынылғандығын айтты.
«Біз 8 мандатка ие бола отырып, басым санға ие әріптестерімізге өз көзқарастарымызды жүзеге асыру мүмкіншілігін беруіміз қажет. Мұндай тәсіл қазіргі депуттардың құр отырмай, өздерінің депутаттық өкілеттігін белсенді пайдалануға жігерлендіреді», - деді А.Перуашев.
Осыған орай ол, бұдан әрі де парламенттік сессияның қорытындысы бойынша ауыс-түйіс тәжірибесін қолдануды ұсынды. Оның пайымынша, мұндай тәсілді басқа да партиялар қолдана алады.
«Ауыс-түйіс депутаттарға қарапайым адамдарға жақын болуға мүмкіндік береді. Олардың 5 жыл ішінде Парламент қабырғасында шенеунікке айналуына жол бермейді», - деді А.Перуашев.