Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетіне 15 жыл толды

АЛМАТЫ. 1 қараша. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Ағымдағы жылдың 29 қазанында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да халықаралық қатынастар факультетінің 15 жылдығына арналған мерекелік кеш өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетіне 15 жыл толды

Мерейтойға ҚР СІМ, ҚР Білім және ғылым министрлігі өкілдері, АҚШ, Германия, Франция, ҚХР, Жапония және басқа да мемлекет елшіліктерінің өкілдері қатысса, әлемнің АҚШ, Еуропа және Орта Азия елдерінен біршама құттықтау хаттар келіпті.

Еліміздің сыртқы-ішкі саясатына жетекші мамандар даярлап отырған факультет ұстаздарының еңбегі өлшеусіз екені белгілі. Осы орайда университет басшылығы ұстаздарды 15 жылдық мерекелерімен құттықтап, ізгі ниетін білдірді. "15 жыл ішінде халықаралық қатынастар факультеті 2500-ден астам түлекті қанаттандырып үлгерді. Бұл факультеттен даярланған жоғары қабілетті мамандар елді дүние жүзіне танытып жүр. Алдағы еңбектеріңізге де табыс тілеймін", - деп атап өтті ҚазҰУ ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов.

Жиын барысында білікті маман дайындауға қосқан үлесі үшін факультеттің бірқатар оқытушылары ректордың «Алғыс хатымен» марапатталды.

Халықаралық қатынастар факультеті 1995 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің өтініші негізінде құрылған. Факультет халықаралық қатынас, халықаралық құқық, аймақтану, әлемдік экономика салалары бойынша жоғарғы білікті және бәсекеге қабілетті мамандар дайындайды.

Кешке арнайы келген еліміздің дипломаттары Ақмарал Арыстанбекова, Қайрат Исагалиев және тағы басқалар студенттермен пікірлесіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.

АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Майкл Сноуден аталмыш факультет өкілдерімен тығыз байланыста екендігін жеткізді «Халықаралық қатынастар факультеті тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатына мамандар дайындаудың атрибуты болды. Алдағы уақытта мамандар даярлау барысында халықаралық жаңа жобалар тілеймін», дейді Бас консул.