Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары «Халық тарих толқынында» бағдарламасын орындауға белсенді атсалысуда - профессор Ж.Таймағамбетов

АСТАНА. 3 қазан. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың маусым айында ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен өткен Қазақстанның ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бірқатар жаңа зертханалар мен ғылыми-зерттеу орталықтарын құру туралы шешім қабылданған болатын.
None
None

Осы білім ордасының Тарих, археология және этнология фактультетінің деканы, «Геоархеология» халықаралық зертханасының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Жәкен Таймағамбетов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында аталған ғылыми орталықтардың жұмыстары жайында кеңінен тарқата айтып берді.

- Жәкен Қожахметұлы, ведомствоаралық жұмыс тобының университет алдына жүктеген тапсырмалары қалай шешілуде?

- Ең алдымен, тең құрылтайшылары ЮНЕСКО халықаралық жобаларының үйлестірушісі итальяндық Ренато Сала мен бельгиялық ғылыми қызметкер Жан Марк Део болып табылатын «Геоархеология» зертханасының жұмысы жайында айтып бергім келеді.

Зертхана құрудағы басты мақсат - заманауи әдістемелік парадигмалар мен құралдар негізінде әлемдік тарих призмасы арқылы Қазақстан және Орталық Азия аумағындағы археологиялық ескерткіштер мен артефактілерді зерделеу әрі күнін белгілеу барысында жаратылыстану ғылымдары пәндерінің сан түрлі әдістерін пайдалану.

Бұл ретте, сәл ертерек бұрын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де ТМД аумағындағы жалғыз палеолит мұражайы ашылғандығын атап өткім келеді. Оның қорында тас артефактілерінің мол коллекциясы, нақты айтқанда 600 мыңнан астам данасы жинақталған әрі олар жаратылыстану ғылымдарының түрлі әдістерімен тыңғылықты зерттеуді және күнін анықтауды талап етеді.

Міне, осыдан нақты алға қойылған міндеттер туындайды, атап айтқанда олар мыналар: геоархеологиялық мәліметтерді интерпретациялау әдістерін әзірлеу және археологиялық нысандардың кеңістіктік сипаттамасын қалпына келтіру үшін әдістер қалыптастыру, геоархеологиялық мәліметтерді көрсету, өңдеу және интерпретациялау үшін кешен мен бағдарламалық қамтамасыз етуді құру, әртүрлі ландшафтық аймақта орналасқан әртүрлі уақыттағы ескерткіштерді зерттеу барысында әдістердің экспериментальдық байқап көру, әдіснамасы және технологиясы. Сонымен қатар біздің міндетімізге далалық археологиялық зерттеулерде жаратылыстану ғылымдарының әдістерін қолдану, оларды тиімді пайдалану барысында шектеулер мен қажетті жағдайларды айқындау бойынша ұсынымдарды әзірлеу және басқа да мәселелер кіреді.

Зертхана ашылған уақыттан бері өзінің өмір сүруге қабілетті екендігін баса айтқым келеді. Мәселен, оның алдындағы міндеттердің бірі - далалық зерттеулер мен археологиялық қаза жұмыстарын жүргізу. Бір ай бойы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың археологиялық экспедициясына әлемнің 8 елінің ғалымдары, антропологтары, археологтары, палеобиологтары, геоморфологтары мен магистранттары белсене қатысты. Жамбыл облысындағы Ш.Уәлиханов атындағы палеолиттік қонысқа, Мойынқұмға, Алматы облысындағы Майбұлақ палеолиттік қонысына, Шарын шатқалына, Ремизовкеге және басқа да тас дәуіріне тиесілі ескерткіштерді зерделеуге бағытталған экспедиция барысында сол уақыттың нақты мерзімін, палинологиясын, палеогеографиясын, климаты мен экологиясын анықтау үшін палеолит дәуіріне тиесілі зерттелетін ескерткіштердің топырағының көптеген сынамасы алынды. Археологиялық ескерткіштің күнін анықтау барысында аралас мамандық ғалымдарының мұндай кешенді әдісі Қазақстанның ғана емес, соынмен бірге бүкіл Орталық Азия археологиясындағы палеолит дәуірін зерделеу алғаш рет тәжірибеде қолға алынып отыр. Осы күнге дейін барлық зертханалық зерттеулер мен сараптамалар шетелдерде жүргізіліп келді, ал таяу уақыт аралығында біз барлық зерттеулерді Қазақстанда, «Геоархеология» зертханасында жүргізетін боламыз.

Қазіргі уақытта зертхана қызметкерлері тарабынан халықаралық ұйымға одан әрі зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін ғылыми гранттар алуға өтінім беріліп отыр.

Бүгінгі таңда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де қандай зертханалар мен ғылыми орталықтар жұмыс істеуде?

Біздің университетімізде «Орталық Азия дәстүрлі өркениеттерін зерделеу» жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Орталықтың директоры қызметіне көне түркі тайпаларының тарихын зерделеудегі танымал ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Талас Омарбеков тағайындалды.

Орталықтың қызметі Қазақстан мен Орталық Азияның дәстүрлі өркениеттерінің ғылыми проблемаларын жаңа әдістемелік ұстанымдардың негізінде әлемдік тарихнамадағы таным әдістерін сындарлы қайта бағалау тұрғысынан пысықтауға бағытталған.

Ғылыми әзірлемелер үшін профессорлық-оқытушылық құрамымен және кафедра қызметкерлерімен қазірдің өзінде түрлі тақырыпты қамтитын 17 жоба ұсынылып отыр.

- Университет ғалымдары тағы қандай бағыттарда жұмыс істеуде?

- Біздің университетімізде құрылған келесі республикалық маңыздағы ғылыми-зерттеу орталығы - «Дүниежүзі тарихын зерделеу» жөніндегі орталық. Оған танымал ғалым, дүниежүзілік тарих саласындағы маман, тарих ғылымының докторы, профессор, Геттинген университетінің құрметті профессоры Қалқаман Жұмағұлов басшылық жасайды.

Бұл орталық әлемдік тарихтың дамуын заманауи парадигмалар мен құралдар негізінде зерттейді. Орталықтың алдына қойылған міндет - қазіргі жаһандану жағдайындағы Батыс пен Шығыс елдері арасындағы өзара қарым-қатынастардың негізгі стратегиялық бағыттары мен даму перспективаларын анықтау.

Бұлардан бөлек Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де Дүниежүзілік тарих, тарихиграфия және деректану кафедрасында профессор Қ.Жұмағұловтың бастамасымен «Еділ» (Аттила) ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істейді.

Түркі халықтары мен Қазақстан тарихына тікелей қатысы бар Еуразия мен Еуропадағы ғұндардың тарихындағы проблема зор мәнге ие. Соғыстар мен көші-қоннан бөлек бұл тарих Шығыс пен Батыстың салт-дәстүрі мен мәдениетіндегі көпқырлы өзара іс-қимылға үлгі болған еді. Бұрын жария етілмеген, сирек кездесетін деректердің сараптамасы негізінде ауқымды еуразия кеңістігінде қоныстанған түркілердің тарихи бастауынан бастап, қазіргі Орталық Азия мен Қазақстан жағдайына дейінгі материалдарды жинау, жүйелеу, сараптау және байыту көзделген. Таяуда профессор Қ.Жұмағұлов шетелдік іссапардан, Германиядан оралды. Ол аталған елде бір айдан астам уақыт бойы аталған проблемаға қатысы бар мұрағат мәліметтерін жинаумен айналысты.

- Тамызда «Қазақ хандығының тарихы» сайты ашылды. Осы интернет-ресурс жайында тарқата айтып берсеңіз.

- Аталған сайтты тарих ғылымының докторы, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Б.Кәрібаев ашқан болатын.

«Қазақ хандығының тарихы» интернет-ресурсын құрудағы мақсат тың деректермен барынша жан-жақты байытылған XV-XVIII ғасырлардағы Қазақ хандығының тарихы бойынша зерттеулердің нәтижелерін оқырман назарына ұсыну еді. Сайт интернет-кітапхана ретінде жұмыс істейді, оны ұлттық тарихқа қызығушылық танытқан кез келген азамат пайдалана алады.

Сөз соңында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарихшы ғалымдары «Халық тарих толқынында» бағдарламасын жүзеге асыру ісіне барынша белсенді қатысып келе жатқандығын баса айтқым келеді. Олар конференциялар мен дөңгелек үстелдер өткізуде. Зерттеу нәтижелері ғылыми және мерзімді басылымдарда жариялануда. Бұл үдеріске студенттер де кеңінен тартылуда, ал олардың дипломдық жұмыстары тарих ғылымының өзекті тақырыптарымен қабысқан.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар