«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің үздік факультеті» байқауының жеңімпаздары анықталды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тәуелсіздік күнін мерекелеу біз үшін 75 жылдық мерейтой салтанатының шарықтау шегі болса, ал «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың үздік факультеті» байқауының нәтижесін шығару - мерейтойлық жылдың қорытынды оқиғасы болып отыр. Тәуелсіздік күні, бұл көптеген алдыңғы ұрпақ өкілдеріне жасалған құрмет, білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалған құндылығымыз», деді марапаттау рәсімінде ҚазҰУ-нің ректоры Бақытжан Жұмағұлов.
Байқауға университеттің 13 факультеті қатысқан. Қазылар алқасы факультеттердің ғылыми қызметте, тәрбие жұмысында ең жақсы көрсеткіштеріне қарай, сондай-ақ бағалау барысында халықаралық ынтымақтастық деңгейін де қарастырып, тіпті, әр факультет оқу ғимараттары мен жатақханаларының жағдайын да ескерген. Мерекелік шара мемлекеттік туды салтанатты түрде әкеліп, әнұранның орындалуымен ашылды. Байқау нәтижесі бойынша екінші орынды биология және химия факультеті өзара бөлісті, үшінші орынды шығыстану факультеті иеленсе, төртінші орын филология факультетіне бұйырды. ҚазҰУ-нің дәстүрі бойынша ауыспалы жалауша биылғы жылдың ең үздік факультеті танылған физика факультетіне табыс етілді. Университет факультеттері арасындағы жыл сайынғы байқау жеңімпаздарын марапаттау салтанатында оқу орын ректоры байқау номинанттарын дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Сонымен қатар, марапаттау рәсімінде университет мерейтойлық жыл барысында жасалған ауқымды жұмыстың қорытындысын шығарды.
«Факультеттер арасындағы жарыс жеңіл болған жоқ, сондықтан да бұл жеңістің салмағы басым. Біздің ұжым өз жеңісіне өте қуанышты, алайда университеттің «айнасы» болу - көп міндет жүктейді», - дейді ҚазҰУ-дың физика факультетінің деканы Әлия Сандыбаева.
Мерекелік концерт тәуелсіз Қазақстан халықтарының бірлігі мен болашағын көрсететін «Халықтар достығы» мен «Біз Тәуелсіз Қазақстанның ұландарымыз!» хореографиялық композиция қойылымдары мен университет студенттерінің орындауындағы патриоттық әндер мен және «Бақыт» би тобының әдемі билері кірген бағдарламамен аяқталды.