Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты бойынша сотта жәбірленушілер жауап берді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Әл-Фараби даңғылында болған жантүршігерлік жол апатына қатысты сот талқылауы басталды.
Сот отырысы Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатыр. Төрағалық етуші судья — Еркін Майшынов, ал айыпталушы — 32 жастағы кәсіпкер.
Оған Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша айып тағылған. Сот отырысы аралас форматта болды. Айыпталушы мен жәбірленушілер отырысқа онлайн режимде қатысты.
Бүгінгі отырыста жәбірленушілерден жауап алынды. Жол апатында қаза тапқан Mercedes автокөлігі жүргізушісінің әпкесі прокурор сұрақтарына жауап берді. Оның сөзінше, таңғы сағат 7:00 шамасында інісінің мерт болғаны туралы хабар келген және мәйітті тануға шақырылған. Ол інісінің Әл-Фараби даңғылындағы жол апатынан көз жұмғанын сонда ғана білген.
— Біз күнде бірге жүретінбіз. Ол компьютер клубында әкімші болып жұмыс істеді, сонымен қатар менің де шаруаларыма көмектесетін, — деді ол.
Қаза тапқан жүргізушінің туыстары сотқа айыпталушымен татуласқандары туралы өтінішхат берді. Хатта айыпталушы кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінгені, сондай-ақ материалдық және моральдық шығынды толығымен өтегені жазылған.
Олар бұл шешімді ешқандай қысымсыз, өз еркімен қабылдағанын айтты. Сонымен қатар марқұмның туыстары сотталушыны толық кешіргендерін және ешқандай талап-арыздары жоқтығын алға тартып, соттан оған бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
Тағы бір жәбірленуші тарап — жол апатынан қаза тапқан 20 жастағы бойжеткеннің отбасына сөз берілді. Сотта бойжеткеннің анасы жауап берді. Ол прокурордың сұрақтарына жауап бере отырып, қызының таксиде жұмыс істегенін айтты. Одан кейін бойжеткеннің туыстары сотталушымен татуласқаны туралы өтінішхаты оқылды. Әйелдің айтуынша, олар қызын қайтара алмайды, сондықтан отбасы айыпталушыға кешірім беруді ұйғарған. Сотталушы кінәсін толық мойындап, өкінгені, кешірім сұрағаны және материалдық әрі моральдық шығынды толық көлемде өтегені атап өтілді. Татуласу туралы шешім өз еркімен қабылданған.
Марқұмның туыстары соттан айыпталушыға бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды, соның ішінде шартты түрде соттау мүмкіндігін қарастыруды сұрады.
— Біз оны толық кешірдік және оған ешқандай талабымыз жоғын растаймыз. Болашақта да ешқандай талап қоймаймыз, — делінген арызда.
Үшінші марқұмның туыстарының ұстанымы сотта әлі тыңдалған жоқ. Олардан жауап алу келесі отырысқа шегерілді. Ол 4 маусым күні сағат 10:00–де өтеді.
Еске салайық, өткен апта бұл іс бойынша алдын ала сот отырысы өтті.
Бұған дейін Алматы полиция департаменті бұл қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеудің аяқталғанын хабарлаған еді.
Еске салайық, 2026 жылғы 21 наурызға қараған түні Zeekr көлігінің жүргізушісі әл-Фараби даңғылының бойымен келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сондай-ақ Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов жол апатына көше жарысының себеп болғаны және оған полицияның жоғары лауазымды тұлғасының қатысы туралы желіде тараған ақпараттарға пікір білдірді.