Әл-Фарабидегі жол апаты бойынша сот: үшінші жәбірленуші кешірім берді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Әл-Фараби даңғылында болған жол-көлік оқиғасына қатысты сот отырысы Алматыда өтіп жатыр.
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатқан іске судья Еркін Майшинов төрағалық етіп жатыр. Айыпталушы орындығында 32 жастағы кәсіпкер А.П. отыр. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі (абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет) бойынша айып тағылған.
Бүгінгі сот отырысында жол апаты кезінде мерт болған 22 жастағы Т.К. туыстарына сөз берілді. Марқұмның анасы А.Е. қызы туралы қайғылы хабарды 21 наурыз күні таңертең алғанын айтты. Осыдан кейін ол мәйітті тану үшін мәйітханаға барған. Сотта оның сотқа жолдаған және өз қолымен қол қойған жазбаша өтініші де оқылды. Онда сотталушының өз кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінгені, кешірім сұрағаны және келтірілген материалдық әрі моральдық шығынды толық көлемде өтегені айтылған.
Осыған байланысты қаза тапқан қыздың анасы сотталушыға ешқандай талап-арызы жоқтығын мәлімдеп, оған бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады. Сонымен бірге, отырыс барысында ол жаза шарасы туралы түпкілікті шешімді соттың қарауына қалдыратынын атап өтті.
Еске салайық, өткен сот отырысында тағы екі жәбірленуші айыпталушыға кешірім берген болатын.
Бұған дейін Алматы полиция департаменті бұл қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеудің аяқталғанын хабарлаған еді.
Еске салайық, 2026 жылғы 21 наурызға қараған түні Zeekr көлігінің жүргізушісі әл-Фараби даңғылының бойымен келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.