Алакөл, Балқаш, Бурабай: елдегі туристік бағыттарда қауіпсіздік күшейтілді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан 2026 жылғы жазғы туристік маусымға дайындалып жатыр. Биыл осы жұмыстар аясында елдегі сегіз негізгі туристік аймақта тексеру жұмыстары жүргізілді. Олардың қатарында Алакөл, Балқаш, Бурабай, Каспий теңізінің жағалауы және Шығыс Қазақстандағы туристік бағыттар бар.
Өңірлерде құтқару бекеттері, санитарлық-гигиеналық нысандар, коммуналдық жағажайлар мен визит-орталықтар салынып жатыр. Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, бейнебақылау жүйелері кеңейтілу үстінде, деп мәлімдеді бүгін ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұрбол Байжанов баспасөз мәслихатында.
Баспасөз мәслихаты Туризм және спорт министрлігінің әкімдіктермен және салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту және туристік қызмет сапасын арттыру бағытында жүргізіліп жатқан жұыстарына арналған еді.
Нұрбол Байжанов елімізде әсіресе курортты өңірлердегі көлік қолжетімділігі мен жазғы маусымдағы жоғары жүктемеге ерекше назар аударылып отырғанын жеткізді.
Оның сөзінше, Қарағанды облысында Балқаш туристік кластерін дамыту, әуежайды жаңғырту және жаңа әуе бағыттарын ашу жұмыстары жүріп жатыр. Ақмола облысында Бурабай курортын жаңғырту жобасы жүзеге асырылып, автотұрақтар мен туристік инфрақұрылым нысандары даму үстінде.
Алматы облысында Қонаев қаласындағы коммуналдық жағажайларды жаңарту, жол желісін дамыту және ұлттық парктерді абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жетісу өңірінде Алакөл жағалауының көлік қолжетімділігі қамтамасыз етіліп, Үшаралға әуе рейстері мен теміржол қатынасы күшейтіледі. Маңғыстау облысында жағажайлар мен жағалау аумақтары жаңартылып, қауіпсіздік және сервистік инфрақұрылым кеңейіп келеді.
Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында туристік кластерлерді дамыту, туристік нысандарға апаратын жолдарды жөндеу, орналастыру орындарын салу және демалыс аймақтарын абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр.
Сонымен қатар оқиғалық туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Республикалық іс-шаралар күнтізбесіне мәдени, спорттық және гастрономиялық бағыттағы 55 ірі іс-шара енгізілген.
Осыған дейін биыл елімізде бірнеше туристік бағыт жаңарып, жаңа демалыс аймақтары пайдалануға берілетіні туралы жазған едік.