Алакөл мен Бурабайда қонақүй жалдау бағасы қандай

АСТАНА. ҚазАқпарат – Energyprom.kz елдегі ең танымал туристік бағыттарды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Жазғы демалыстың ең танымал бағыттары Щучинск-Бурабай аймағы, Каспий жағалауы мен Алакөл болып тұр», - деп жазылған сараптамада.

Биыл елдегі курорттарда демалу қазақстандықтарға қымбатқа түсетін түрі бар.

Қонақүй мен туристік базаларда, демалыс үйлері мен курорттық аймақтардағы баспана жалдау ақысы бір жылда 30 пайызға жуық өскен.

Қаңтар-наурыз аралығының өзінде бір төсек жалдау ақысы орта есеппен 14,4 мың теңге болды. Бір жыл бұрын бұл шама 11,3 мың теңге болатын.

«Ұлттық статистика бюросы жатын орындарын алты санатқа бөліп, баға көрсеткішін жариялады. Ешқандай «жұлдызы жоқ» қарапайым қонақүйлердің бұл нарықтағы үлесі – 64,5%. Бұл жерде келушілердің емес, берілген бөлме саны есепке алынған. Бұдан кейінгі санаттағы қонақүйлердің бағасы бір жылда 28,7% қымбаттаған. Туристік базалар мен жазғы үйлерде бір апта демалу бағасы 69,3 мың теңгеге шығуы мүмкін. Бірақ оның ішіне тамақ пен ойын-сауық, ем шаралары кірмейді. Мұндай үйлерде тұтас отбасымен демалу тиімді. Өйткені баланың жасына қарай жеңілдіктер көзделген», - делінген сараптамада.

«Жұлдызы бар» қонақүйлерде баға тіптен қымбаттаған.

«Мысалы, бесжұлдызды қонақүйлердің бағасы бір жылдың ішінде 40,3% қымбаттап отыр. Бір адам бір тәулік үшін орта есеппен 55,8 мың теңге төлейді. Осылайша, елдегі үздік қонақүйлерде бір апта тұру құны маусым айына дейін 390,8 мың теңге болған. Маусым айында ең қымбат бағалар Щучинск-Бурабай және Қапшағай су қоймасының жағасындағы демалыс аймағында тіркелген. Қапшағай су қоймасының жағалауында стандартты қонақүйдің бір бөлмесін жалдау үшін 20 мың теңгеден 50 мың теңгеге дейін төлеу керек. Ал люкс-номердің бағасы тәулігіне 119 мың теңгеге дейін барады. Бурабайда бұл ақшаның ішіне сауықтыру шаралары кірмейді, тек тұру ақысы ғана осындай. Қымбат қонақүйлерге Каспий жағалауындағы нысандар да кіреді. Шетелдік инвестор Ақтау қаласында бесжұлдызды қонақүй салғаннан бері Маңғыстау облысына шетелден ұшып келетін чартерлік рейстер саны артқан. Мысалы, былтыр Башқұртстан астанасы Уфа қаласынан, биыл Тегеран, Мәскеу, Қазан, Екатеринбург қаласынан чартерлік рейспен келушілер көбейген. Мұндағы ең төменгі баға тәулігіне 32–36 мың теңге, ең жоғары баға тәулігіне 42–48 мың теңге болған. Бірақ бұл бағаның соңғы шегі емес», - деп жазады Energyprom.kz.

Ал Алакөлде екі адамдық стандартты номер бағасы тәулігіне 15–42 мың теңге арасында, жартылай люкс номер бағасы 17–64 мың теңге арасында, люкс номерлер - 82 мың теңгеге дейін.

Жылдың бірінші тоқсанында ғана елдегі демалыс базалары мен шипажайлардың, мейманханалардың қызметін 703 мың адам тұтынған.

Бұл былтырғыдан 31,8% артық.


Соңғы жаңалықтар