Алакөл жағалауын күтіп ұстайтын коммуналдық мекеме құрылды – әкім есебі

АСТАНА. KAZINFORM – Жетісу облысында жаңадан Туризм басқармасы құрылды. Алакөл және Балқаш көлдерінің жағалауын күтіп ұстау үшін екі коммуналдық мекеме құрылды. Облыстың туристік инфрақұрылымы туралы әкім Бейбіт Исабаев есептік кездесуінде баяндады. 

Алакөл жағалауын күтіп ұстайтын коммуналдық мекеме құрылды – әкім есебі
Фото: Жетісу облысының өңірлік коммуникация қызметі

Әкімнің айтуынша, облыс құрылған сәттен бері бұл салаға мемлекеттік бюджеттен 53 млрд теңге бөлінген, 64 жаңа нысан пайдалануға берілген.

– Жыл сайын өңірге 2 миллионнан астам турист келеді. Олардың келіп-кетуіне және демалуына қолайлы жағдай жасау – басты міндеттің бірі. Биыл жаңа «Ақши-Бескөл» электр желісі және қосалқы станциясы іске қосылды. Жағалауды нығайту бөгеттері мен кәріз тазарту құрылғысы салынып жатыр. Балқаш көлінің жағалауына дейін жол, сумен жабдықтау, су бұру, электр желілері жеткізілді. Көл жағалауында 6 коммуналдық жағажай қарастырылған, оның 3-еуі салынып жатыр. Енді жағалауды абаттандырып, жеке инвесторларды тартып, демалыс аймақтарын салу міндеті тұр, - деді Б. Исабаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Үшарал қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Бұл жолақ жолаушылар және жүк ұшақтарын қабылдауға мүмкіндік береді. Қазір жаңа аэровокзал кешенінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. 

Сондай-ақ Лепсі станциясында жаңа теміржол вокзалы салынуда. Ғимарат келер жылы қолданысқа беріледі.

Ал экологиялық туризмді дамыту үшін «Алтынемел» және «Жоңғар Алатауы» ұлттық парк аумақтарында визит-орталықтар ашылды. Жасылкөл көліне және Ш. Уәлиханов мемориалдық музейіне апаратын жолдар жөнделді. «Бұрқанбұлақ» сарқырамасы жолының құрылысы басталды. 

Айта кетейік, Жетісу облысында биылғы 10 айда барлық сала бойынша өсім байқалады. Өңірде 27 жаңа өндіріс ашылып, мың жарым жұмыс орны құрылды.

«Қорғас» арнайы экономикалық аймағында 32 жоба іске асырылып, 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.

Соңғы жаңалықтар