Алакөлде мұз астынан балық аулаудан жарыс өтті
АСТАНА. KAZINFORM - Алакөлде мұз астынан балық аулаудан жарыс өтті.
Еліміздің әр өңірінен туристер Алакөлге жазда шомылуға келсе, қыста мұз үстінде отырып балық аулап, демалыстарын сәтті өткізеді. Осы орайда Алакөл ауданының әкімдігі және «Балқаш-Алакөл облысаралық балық шаруашылық бассейні» РМК ұйымдастыруымен тұрғындар арасында «Алакөл - 2024» мұзасты балық аулау турнирі өтті.
Турнирге Алматы, Абай облыстарынан және Жетісу өңірінен 50-ден астам балықшы қатысты.
Жарыс қорытындысы бойынша 1 орынды Қалибек Ерсін иеленді. Ал 2 орынды Оксана Филоновна қанжығалады. Тиісінше 3-ші тұғырдан Ярослав Иванов көрінді. Сонымен қатар, «Ең бірінші балық ұстаған балықшы» номинациясын Жәнібек Смағұлов ұтып алды.
Ауланған балықтардың ең ірісі 500 грамды құрады.
Жеңімпаздарға арнайы диплом мен тұрмыстық бағалы сыйлықтар табысталды.