Алакөлде жағалауды су шаю қаупіне байланысты төтенше жағдай жарияланды

АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысы Алакөлде жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай енгізілді. Бұл шешімді Мақаншы ауданының төтенше жағдайдың алдын алу және жою жөніндегі комиссия қабылдады.

Алакөлде жағалауды су шаю қаупіне байланысты төтенше жағдай жарияланды
Фото: Kazinform

Жағалау мен демалыс орындарына төнген қауіп

Кабанбай ауылдық округінде орналасқан жағалауды су шаю қаупі төтенше жағдайға себеп болды. Ол жерде ондаған туристік нысан, яғни демалыс үйлері, дәмханалар мен жеке қонақүйлер шоғырланған. Жағалаудың бұзылуы кәсіпкерлерге материалдық шығын әкеліп қана қоймай, өңірдегі туризмнің дамуына да кері әсер етуі мүмкін.

— Бүгінгі басты міндет — қирауға жол бермеу және демалыс нысандарының сақталуын қамтамасыз ету. Барлық қызмет дайындық режимінде тұр, — деп атап өтті Мақаншы ауданы әкімінің орынбасары Әлия Сарбаева.

Алакөл — Қазақстандағы ішкі туризмнің ең танымал бағыттарының бірі саналады. Маусым кезінде жағалауға ондаған мың демалушы келеді. Алайда жағалауды су шаю қаупі курорт имиджіне әсер етіп, туристер ағынын азайтуы мүмкін.

Жергілікті кәсіпкерлердің пікірінше, тек салдарымен күресіп қана қоймай, жағалауды қорғаудың ұзақ мерзімді шараларын да әзірлеу маңызды.

— Біз Алакөлде туризмді дамытуға қомақты қаржы салдық. Инфрақұрылым мәселесі жүйелі түрде шешілсе, бизнес те сенімді болар еді, — дейді демалыс базасы иелерінің бірі.

Алдағы қадамдар

Комиссия шешіміне сәйкес, барлық қажетті шара заңнамаға сәйкес қабылданады. Құжат ресми жариялауға және аудан әкімдігінің интернет-ресурсына орналастыруға жіберілді. Орындауды бақылау Мақаншы ауданының әкімі Дәурен Қойгелдинге жүктелді.

Сарапшылардың пікірінше, Алакөлдегі жағдай жағалауды нығайту және инфрақұрылымды жаңғырту жобасын жеделдетіп іске асыруға түрткі болуы мүмкін.

Айта кетейік, Президент сынынан кейін Алакөлде қандай өзгеріс болғанын шолып өткен едік. 

Еске салсақ, биыл жазда Алакөлдегі адам өлімінен кейін министрлік судағы қауіпсіздікке байланысты түсініктеме берді. 

Сондай-ақ Алакөлде катер қағып кеткен әйел көз жұмды. 

Соңғы жаңалықтар