Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Алакөлде арнайы жасақ қызметкері есінен танып қалған жігіттің өмірін сақтап қалды

АСТАНА.KAZINFORM - Алакөл жағалауында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында патрульдеу жүргізіп жүрген Абай облысы ПД арнайы жасақ қызметкерлері демалыс базаларының бірінің маңында кенеттен есінен танып қалған жас жігітті байқаған.

у
Фото: Рolisia.kz

Оның жағдайы күрт нашарлап, тыныс алуы қиындаған. Жағдайдың шұғыл екенін ескерген ЖҚАЖ аға инспекторы Асланбек Абдельдинов уақыт оздырмай алғашқы медициналық көмек көрсетті.

Кәсіби әрі жедел әрекеттің нәтижесінде жігіттің тыныс алуы қалпына келді. Одан кейін полиция капитаны жігітті қауіпсіз қалыпқа жатқызып, жедел медициналық жәрдем бригадасы келгенге дейін оның жағдайын бақылауда ұстады.

Осы уақытта арнайы бөлімшенің өзге қызметкерлері жедел жәрдем көлігін қарсы алып, медицина қызметкерлеріне оқиға орнына ең қысқа жолмен жетуге көмектесті. Жас жігіт медицина қызметкерлеріне тапсырылды.

Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Айта кетейік, Оралда полицейлер 7-қабат терезесінен құлап кете жаздаған баланы құтқарды.