«Алапат ақын» Алматы вокзалында арба сүйреп жүр

АСТАНА. 12 шілде. ҚазАқпарат - Ол бала кезінде орманшы болғысы келген. Алматыдағы Ауылшаруашылық институтының орман шаруашылығы факультетіне түскен еді.

«Алапат ақын» Алматы вокзалында арба сүйреп жүр

Бірақ орманшы болмады. Ат шаптырым алаңда ала допты қақырата тебетін футболшы да болғысы келген. Ондай болу да қолынан келмеді, деп бастайды журналист  Сейсен Әмірбекұлы «Айқын» газетінде жарық көрген мақаласын.

...Жаһанға мәшһүр жазушы болсам деп те армандаған. Өз­гесін қайдам, қолынан қалам ұс­тау келетін. Өзінше өрнектеп өлең жазды. Үш жыр жинағын шығарды. Онда да өзгелердің демеушілігімен, қолдауымен. Бірақ Жазушылар одағына мүше емес. «Мен Одаққа, Одақ маған керек емес. Әйтпесе жерлес, рулас аға-інілерім сол одақтың тізгінін ұстап жүр ғой. Шақырып жатса, кәне. Қай жерде де мықты ақыннан қорқады ғой. Зордың көлеңкесінде қалып қою кімге жақсы дейсің. Сосын жолат­пайды да. Тіпті олардың біреуі «Ақынның ажалы» деп мен туралы поэма жазып қойыпты. Қайтесің енді... «Ақынды ақын оятпаса болмайды, ақынды ақын таяқтаса, ол қайғы» деп қайран Мұқағали бекер айтпаған ғой. Ол білген ғой, ақындардың қан­дай адам екенін... Кейде «жыр ке­шіңді өткізіп береміз» деп алдау­сыратып қояды» дейді ол.
Ол деп отырғаным екінші Алматы вокзалында жүк тасып, арба сүйреп жүрген ақын - Сә­бетай Сыпатаев. «Таудай биік халқыма сөз арнадым, Жал­ғыз­дықты аңғартып тұр жан-жағым. Сәбетайды жалғыз еткен Алба­ным, Алып жатыр бірден-бірден шалдарын» деп кейде күйініп те алады, сосын «Мұ­қағали биіктігі бар мә­лім,Содан көрдім Хантә­ңірі заңғарын!» жерлесі Мұқа­ғалиға бас иетінін мойындайды.
Ал біз әңгімеге арқау еткен Сәбетай кім? Иә, ол шайыр бол­ғысы келген. Баяғыда, 80-жыл­дардың ортасында респуб­ли­калық жыр мүшәй­раларына қа­тысып, мақталып жүрді. Мар­құм Қадыр Мырза Әли, Иран-Ға­йып, Жарасқан секілді дүл­дүл­дер Сәбетайдың поэзиядағы аяқ алы­сына таңдай қағысқан. Сәт­тілік тілескен. Тіпті марқұм Қайрат Әлімбеков «алапат ақын» деп баға берген. Бірақ мұның та­лайына жазыл­ғаны сол, өмір жолы өзгеше бол­ды. Әйтпегенде өзімен қа­тар шапқан Тыныш­тықбек, Гүл­нар, Светқалилардай ортада дүрілдеп жүрер еді.
«Кім біледі келерін неден өлім, Табылады әйтеуір себебі оның. Кебінім де қалады кебе­негім, Қару қалар басында керегенің... Әзірше мен тірімін алданамын, Санаулы тұр білемін әр қадамым. Күнмен бірге ба­тамын күнде-күнде, Қуа­намын білдірсе таң хабарын...» деп кейде өзінің саяқ, жарым-жалғыз жүрісіне күйініп. «Мен де сүйдім, жұлдызды еді тілегім, Сүймей қалай, қайтіп өмір сүремін?! Аң­садым да арпа­лыстым, шар­шадым, Шалдық­тым да жабыр­қадым, жүдедім... Мен де сүйдім, ғашық болдым мөлдіреп, Езілді ғой, ет жүрегім елжіреп. Кім деп соғып тұр екен ә,сол жүрек, Кім деп соғып ты­нар екен соңғы рет!..».
Ол үйленген. Бірақ қазір жоқ. Ұл да кеткен, қыз да кеткен, жөнімен. Бүгінгі мекені - екінші Алматы вокзалы... Сон­да тұрады, сонда жүк тасиды... Жазу үсте­лінде белі майысып, саусағын сорып өлең жазып отырған ақынды емес, ығы-жығы болған вокзалда жүк та­сып, нәпақа тауып жүрген ақын­ды көргіміз келді. Тілдестік.
...Шілденің шіліңгір ыстығы буып тұр. Темір жолдан қарыс қадам жердегі жазғы алаңда отырмыз. Ығы-жығы халық. У-шу. Шайдан жұтып қойып, ортада ұзын бойлы, жүзі күнге тотыққан, қияқ мұртты, арықша келген жігіт ағасы әңгіме айтып отыр. Біз іздеген Сәбетай осы.
«Жарық дүние есігін Тал­дықорғанның Жансүгір деген жерінде ашыппын. Жансүгірде де көп бөгелмедік. Бір жарым жыл тұрып, «атамекен, кіндік қан тамған жер» деп әкем Ұйғыр ау­данының Ақтам ауылына көшті. Осында ержеттік, есей­дік. Он­жылдықты бітірдік. Отан ал­дындағы парызды өтеп әс­кер­де болдым. Германияда. Әскерден келген бойда Ауыл­шаруашылық инсти­ту­тының орман шаруа­шылығы факуль­тетіне түстім. Жаспын. Арман көп еді. Ор­маншы бол­ғым келді, футболшы болғым келді, жазу­шы болғым келді. Алғашқы екеуі де бола алмадым. Ал жазу қолымнан келеді. Өлең жазуға әкем себепші болды. Әңгімешіл еді. Майын тамы­затын. Қазір өткен-кеткенді теріп, бүгінгі ұрпаққа өнеге етіп айтатындар жоқ. Мектепте оқып жүргенде қолыма Мұқағали­дың «Өмір- дастан» деген кітабы түсті. Жата-жастана оқыдым. Содан кейін өзге ақындарды оқуды қойдым. Ұмытпасам, сегізінші сыныпта ма екен, дәл есімде
жоқ, әде­биеттен бір ақынның өлеңде­рін жаттауға берді. Ер­те­ңінде оқу­шылардан ұс­тазы­мыз біртіндеп сұрап жатыр. Кезек маған келгенде, оқулықтағы ақынның емес, Мұқағалидың «Бесік бала­ғын­дағы жылан» деген поэма­сын жатқа соқтым. Ұстазым таң­ғалды, риза болды. «Болаша­ғың­нан үлкен үміт күт­тіретін оқу­шысың» деп, «өте жақсы» деген баға қойды. Содан бір тоқ­сан менен сабақ сұрамады. Бұл жерде «поэманы жаттап алған менің емес, Мұқағалидың кере­меттігі болар-ау» деп ой­лаймын. Жалпы, үш жыр жи­нағым шық­ты. Біріншісі - 1993 жылы «Жұл­дыздардың бағыты өзгермейді» деген атпен жарық көрді. Ел-жұрт жақсы бағасын берді. Тіпті кейбір жерлестеріміз «Сәбе­тайдың бір өлеңі бір кітапқа бергісіз» деген жылы пікір айтты. Екіншісі - «Көк бөрім көкке ұлыған». 2001 жылы «Өнер» бас­пасынан шықты. Әшірбек Көпіш көмек берді. Алғысөзді де өзі жазды. Жұртқа көмегін аямайтын, жүрегі үлкен, пара­сатты азамат қой. Алғысым шексіз. Поэма­ны бес жыл жаз­дым. Барлық тари­хи кітаптар­ды ақтардым. Жырдағы кемеңгер­лер - қазақ­тың біртуар ұлдары. Үшінші жыр жинағым - 2004 жылы жарық көрді. Бұл жинаққа жи­ған-тергенімнің бәрін сал­дым.
Алдағы жылы жасым елуге келеді. Қолымнан келсе, бүкіл жазғандарымды жинақтап, тағы бір кітап шығарсам. Өзіме-өзім тартқан үлкен сыйым осы бол­мақ»,- дейді ақын сүтті шайды әлсін-әлсін жұтып қойып. Өзі айтқандай, анда-мында жұмыс істеп біраз жылын өткізді. Тіпті фермер боламын деп 7-8 гектар жерде алды. Бірақ қаржы бол­маған соң, ол да қалған. Ауылда жұмыс болмаған соң, күнкөріс үшін қалаға келді. Бір танысы арқылы темір жол бекетіне жүк тасушы болып орналасты. Күн­дік табысы 2-3 мың теңгенің көлемі. «Бір әке, екі шешеден тоғыз баламыз. Соншасы дү­ниеден өтті. Олар жаман тұр­майды.
Ішіп-жемі бар, ауқатты. Маған «ортамызға кел» дейді. Барғым жоқ. Осы өмірім өзіме ұнайды. Он жылдан асты, арба сүйреп, жүк тасығалы. Өзімді «бақытты жанмын» деп санай­мын. Өйткені мен еркінмін, азатпын. Өзімнің қалауымша өмір сүремін. Жү­ремін, тұрамын. «Өлең деген тумайды жайшы­лықта, Өлең деген туады қайшы­лықта» деп ұлы Мұқағали айт­­қан емес пе? Вокзалда түрлі адамдарды кө­ремін, түрлі мі­нездер бар. Соларға қараймын, жүгін тасып жүріп сөйлесемін. Ой келеді, шабыт келеді. Өлең солай туады. Өзге­лердей үстелде жүйке мен жү­рекке салмақ сап, саусақ сорып жыр жазбаймын». Бұл Сәбетай­дың айтқаны.
Ол біраз сырын ақтарды. Өзінің айтуынша, мектеп бі­тіргенше дүниенің бар кітабын оқып тауысқан. Қазір кітап оқы­майды. Тек анда-санда Абай­дың қарасөздерін бір қарап, Мұқа­ғалиды шолып қояды екен. «Менің өмірім Джек Лондонға келеді» дейді ол. «Джек Лон­дон теңізші болуды армандады. Ол портта жүк тасушы болып жұмыс істеді. Бірақ тума талант оны жүкшілік қызметтен құт­қарды. Жаһанға аты кеткен атақ­ты жа­зушыға айналды. Мен вокзалда жүк тасимын. Айыр­машылық осы. Менде де талант бар. Жай ғана талант емес, ерекше дарын. Бірақ мен Джек Лондондай ел таныған адамға айнала алма­дым. Себебі оның ортасы оның қа­рымды қаламына бас иді, көкке көтерді. Ал мен жүрген орта мені ішіне тартпады, сыртқа тепті. «Iш­кiш» деді. Қазір ішіп жүр­ген жоқпын. Ал «ақын­мын» деп жүр­ге­ндердің көбісі менің жаным­да жіп есе алмайды. Бәрін қойшы, кіммен алысасың, кіммен тар­тысасың. Онсыз да кежегесі кері кетіп тұрған заман ғой. Танылғым келеді. Одан кім қашсын. Өлең­деріме ән жазылса деймін. Алтынбек Қоразбаев тағы да біраз әнші, сазгерлерге өлең­дерімді бергенмін. Бірақ тағдыры не болып жатыр, біл­медім... Өлеңіме ән жазылса, үл­кен сах­нада орындалса, жұрт мені жа­қы­нырақ таныр ма еді, әттең». Ақын­­ның өкініші осы.
- Неге мұнда жүргенше, қо­лына қалам ұстағандардың ара­сына бармайсың, - дедім.
- Осы өміріме ештеңе жет­пейді,- деп ол ары-бері арба сүй­реп, жүк тасып жүргендерге қа­рап қозғалақтап қойды...