Алаш қайраткерлерінің істері сақталған КГБ-ФСБ мұрағатына қалай жол ашылды?
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ә.Бөкейханның мұрасын іздестірумен қатар, 2013-2014 жылдары еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатына, сондай-ақ КСРО-ның қанды жазалаушы мекемесі - ОГПУ-НВКД-МГБ-КГБ-ның заңды мұрагері болып табылатын Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметінің (РФ ФҚК) мұрағатына да талай сұрау жолданды.
Оның ішінде Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың 2014 жылы ҚР ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаевтың атына жолдаған соңғы хаты ресейлік қауіпсіздік қызметінің мұрағатына жол ашып берді.
ҰҚК-нің ішкі ақпарат көзінен мәлім болғандай, Нұртай Әбіқаев ресейлік ФҚҚ директоры Александр Бортниковпен тікелей байланысып, Л.Н.Гумилев атындағы «Алаш» ғылыми зерттеу институтымен бірге Мемлекет тарихы институтының ғалымдарын мұрағат материалдарымен танысуға жіберуін өтініп, уәдесін алғанға ұқсайды. Нәтижесінде, 2014 жылдың желтоқсанында осы жолдардың авторы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның және онымен бірге бір күнде - 1937 жылдың 27 қыркүйегінде - ату жазасына кесіліп, бір күнде атылып, Мәскеудің Дон зиратына бірге жерленген қазақтың тағы бір асыл азаматы Нығмет Нұрмақұлының (Нұрмақов) «қылмыстық» істерімен танысуға мүмкіндік алды, деп жазады Сұлтан Хан АҚҚҰЛЫ «Айқын» газетінде жарық көрген мақаласында.
Ашығын айтқанда, маған Алаш көсемінің ісі 1991-1995 жылдардан бері негізінен, таныс болатын. 1991 жылдың тамызында, яғни «зұлымдық империясының» ақырғы айларында Мәскеуде ғылыми іссапарда жүріп, КСРО КГБ-сының жаңа әрі ақырғы төрағасы Вадим Бакатиннің атына хат қалдырып, 1995 жылы енді Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметіне (ол жылы «Федералдық қарсы барлау қызметі» немесе «Федеральная служба контрразведки» - ФСК РФ деп аталатын) ҰҚК арқылы сұрау жолдап, Ә.Бөкейхан ісінен біраз тарихи құжаттың көшірмесін поштамен алған едім. Әйтсе де, 1937 жылдан бері «аса құпия» сақталған істің тікелей өзімен танысудың орны, тіпті бөлек екеніне көз жетті. Оның ішінде Алаш көсемінің ісінен оның өмірі мен қызметіне қатысты біраз өте құнды мәлімет табылды.
Ресей қауіпсіздік қызметі мұрағатының басшылығы екі істен де сұраған құжаттардың көшірмелерін жіберуге міндеттенді. Бірақ таңғалатын ештеңесі жоқ, арада 3 айдай уақыт өтсе де, ол көшірмелерді жіберуге асығатын емес.
Оған қоса Ә.Бөкейхан мен Н.Нұрмақұлының екі мес ісін қолға алып қарағанда, толқыған көңіл су сепкендей басылды. Себебі екі іске де тігілген құжаттардың тең жартысынан астамы сыртынан картон қағазбен қапталып, парақтап қарауға да, оқып, көшіріп алуға да жатпайтын «аса құпия» күйінде қалыпты.
1991 жылдың тамызында КСРО КГБ-сы Қоғаммен байланыс орталығының (Центр общественных связей немесе ЦОС КГБ СССР) пошта арқылы жіберген құжат көшірмелері ішінде Әлиханның Бутырка түрмесінде түсірілген белгілі суреті болатын. Ал істің ішінен ұлт көсемінің қырынан түскен тағы басқа суреті шықты. Екінші суретте Алаш көсемінің ауыр азап көргені анық байқалады. Суреттің «құпия» күйінде қалуының бір сыры сонда болса керек.
Мұрағат қызметкерлерінің түсіндіруінше, картон қағазбен қапталған құжаттар ОГПУ-НКВД-нің «ішкі хат-қағаздары» көрінеді де, ал олардың «құпиялығы» 70 жылдан кейін ғана жойылады-мыс. «Мұндай құжаттар 50 жыл құпия сақталады ғой, ал Ә.Бөкейхан мен Н.Нұрмақұлының атылып, істерінің жабылғанына 77 жылдан асты ғой?!» (1937-2014) дегенімде, қызметкерлер не айтарын білмей сасып, бірі сұқ саусағымен жоғары жақты нұсқап: «Бұл уәжіңізді басшылыққа айтыңыз!» деп құтылды.
Сонымен бірге Ә.Бөкейхан мен Н.Нұрмақұлының істерімен шектелу ағаттық болар еді. Федералдық қауіпсіздік қызметінің мұрағат істерін тіркеу басқармасының (Управление регистрации архивных дел ФСБ РФ немесе УРА ФСБ РФ) бастығы генерал-лейтенант Василий Христофоровпен 1930-40 жылдары Ресей жерінде «халық жауы» деген нақақ айыппен атылып кеткен басқа да Алаш зиялылары мен кеңестік қазақ қайраткерлерінің, бас-аяғы 30-ға жуық тұлғаның істерін алу мүмкіндігін де ақылдастық (№5 сурет).
№ 5 сурет. РФ ФҚҚ-нің мұрағаты. Солдан оңға қарай: қолына Н.Нұрмақұлының ісін ұстап тұрған ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институты директорының бірінші орынбасары, профессор Жанна Қыдыралина, ортада - Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің мұрағат істерін тіркеу басқармасының (Управление регистрации архивных дел ФСБ РФ - УРА ФСБ РФ) бастығы генерал-лейтенант Василий Христофоров, «Алаш» ҒЗИ-ның директоры Сұлтан Хан Аққұлы. Мәскеу, 16 желтоқсан, 2014 ж.
Оның кеңесімен Мәскеуден оралған бойда Нәзір Төреқұлұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Тұрар Рысқұлұлы сынды 30 шақты қайраткердің есімін тізіп, тікелей В.Христофоровтың атына Еуразия университетінің ректоры Е.Сыдықов қол қойған сұрау хат жолданды. Оған әзірше «тексеру жұмыстарының тым көп болуына байланысты жауап-хатымызды кешірек жолдаймыз» деген жауап келді (№6 сурет).