10:51, 28 Мамыр 2010 | GMT +5
Алаш көсемдері туралы сыр шертетін деректі фильм көрсетіледі
АСТАНА. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат - Мамырдың 31-і - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Осыған орай осы айдың соңғы күні Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада «Алашорда» деректі фильмінің астаналық көрермендер үшін алғаш рет көрсетілімі болады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл шараны Ұлттық академиялық кітапхана ұйымдастырып отыр.
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ының шығармашылық түсірушілер тобы Алаш қайраткерлерінің тарихи мұралары сайрап жатқан Орынбор, Санкт-Петербор, Семей, Алматы қалаларында болып, «Алашорда» деректі фильмін түсірді. 2008-2009 жылдары дайындалған бұл туынды Алаш көсемдері туралы сыр шертеді. Бұл туындыда Алаш қозғалысына қатысты бірнеше тарихи ғимарат та тұңғыш рет көрермен назарына ұсынылған. Фильмнің авторы - белгілі кинодокументалист Қалила Омаров. Толықметражды «Алашорда» деректі фильмінің ұзақтығы - 52 минут.