Алаш зиялылары тырысқақ эпидемиясының алдын алды - профессор
Бұл туралы «Ақ жол» демократиялық партиясы «Алаш» институтымен бірге ұйымдастырған «Қазақ Республикасының 100 жылдығы және оның құрылуына «Алаш» қайраткерлерінің үлесі» тақырыбында өткен онлайн конференцияда айтылды.
«Қазақ автономиясы – Алаш зиялылары еңбегінің жемісі. Мемлекеттік тілді әлі күнге дейін шеше алмай жатырмыз. Бұл мәселе ол кезде де ушығып тұрды. Ол кезде қазақтардың үлес салмағы 50% болды. Мемлекеттік тілді қалай бір жолға қоямыз, іс қағаздарды қалай қазақ тіліне аударамыз деген мәселені Орынборда отырған азаматтар жақсы шешті. Өзге тілді ұлт өкілдерін өзіне қарсы қоймас үшін алдымен екі тілді қатар жіберді. 1925 жылы жаппай орыстар тұратын жерде де іс-қағазды 100% мемлекеттік тілде жүргізу туралы шешім қабылдады. Билікке Ф.Голощекиннің билікке келуімен бұл мәселе шешімін таппай, тоқтап қалды», - дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов.
Ол кезде білім, денсаулық саласында да жағдай қиын болған.
«Бұл мәселені шешу үшін көптеген жерде мектеп ашып, мұғалімдерді дайындайтын Қазақ институтын ашты. Тіпті мектеп оқулықтарына көп қаржы бөлді. Денсаулық саласына қатысты мәселені де жақсы шешті. Қазақ ауылдарына азық-түлікті уақытылы жеткізіп тұруға тырысты. Дәрігерлер пунктерін ашып, монша көбірек сала бастады. 1921 жылы тырысқақ дертімен күресетін комитет құрды. Әр уезд орталықтарында емдейтін кабинет ашып, эпидемияға жол бермеді», - дейді ол.