Alatau City аймақтағы толық цифрланған алғашқы қалаға айналуға тиіс – Президент

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласына арнайы құқықтық мәртебе беруді жүктеді.

Некоторым улицам Алатау присвоят новые названия
Фото: Алатау қаласы әкімдігі

- Келесі қадам – Alatau City-дің мықты институционалдық негіздерін қалыптастыру. Қаланы ел Үкіметіне тікелей бағынатындай етіп, оған арнайы мәртебе беру туралы жарлықты он күн ішінде әзірлеу керек. Содан кейін жарты жылдан асырмай, жеке заң қабылдау қажет. Құжатта қаланы басқару режимі, оның қаржылық моделі және басқа да маңызды мәселелер қамтылуға тиіс, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.

Мемлекет басшысының айтуынша, Алатау қаласына берілетін арнайы құқықтық мәртебе – қалаға берілетін артықшылық емес, жобаның қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты іске асуына қажетті шара немесе құрал.

- Alatau City аймақтағы толық цифрланған алғашқы қалаға айналуға тиіс. Мұнда Smart City технологияларын қолданудан бастап тауарлар мен қызмет ақысын криптовалютамен төлеуге дейінгі жаңалықтың барлығы енгізілуі керек. Бұл қала Қазақстанның келешектегі келбетін танытпақ. Онда технологиялық өрлеуге және өмір сүруге барынша қолайлы жағдай үйлесім табуы қажет, - деп толықтырды Президент.

Айта кетейік, Жолдаудың онлайн трансляциясы Jibek Joly эфирінде, сондай-ақ телеарнаның YouTube арнасында жүріп жатыр.

Kazinform сайты тікелей эфирмен қатар, жазбаша трансляция да жасайды.

Сондай-ақ Жолдау мәтінін агенттіктің телеграм арнасынан оқуға болады.

Соңғы жаңалықтар