Alatau City және цифрландыру: Қытай тәжірибесі Қазақстанға не үшін қажет
АСТАНА. KAZINFORM – Қалаларды ақылды басқару, көлік кептелісін алдын ала болжау, инженерлік желілердің жұмысын онлайн бақылау – мұның бәрі бүгінде ғылыми фантастика емес. Бұл бағытта Қытай айтарлықтай тәжірибе жинақтаған. Ал Қазақстан үшін мұндай шешімдер қандай мүмкіндік ашады? Мәселені Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі зерделеді.
Қаланы басқарудың жаңа моделі
Цифрлық егіз – компьютердегі қарапайым 3D-модель емес. Ол – нақты нысанның виртуалды көшірмесі. Мұндай жүйе ғимараттың, зауыттың, көлік желісінің, инженерлік коммуникациялардың, тұрғын ауданның немесе тұтас қаланың жай-күйін нақты уақыт режимінде көрсетеді.
Жүйе мыңдаған датчик пен ақпараттық жүйеден үздіксіз дерек алады. Құбырдағы қысым датчиктері, ақылды бағдаршамдар, жасанды интеллекті бар камералар және қоғамдық көлік навигаторлары бірыңғай орталыққа ақпарат жібереді. Соның негізінде жүйе көлік кептелісін, су қысымының төмендеуін немесе ауа сапасының нашарлауын бірден анықтап, жағдайдың қалай өрбитінін алдын ала болжайды.
Соның арқасында цифрлық егіз қалалық инфрақұрылымды басқарудың тиімді құралына айналып отыр. Ол ақауды ерте анықтауға, ресурстарды ұтымды пайдалануға және басқару шешімдерін жедел қабылдауға мүмкіндік береді.
Технологияның тиімділігін халықаралық зерттеулер де растайды. McKinsey & Company мәліметінше, цифрлық егіздерді қолдану инвестиция қайтарымын 30%-ға арттыра алады. Бұдан бөлек, технология жобалау кезеңінде-ақ ықтимал тәуекелдерді анықтап, құрылыс мерзімі мен шығынын қысқартады, әрі тұрғындарға келетін қолайсыздықты азайтады.
Қытайдың жаңа цифрлық шешімдері
Цифрлық егіздердің мүмкіндігі енді нысандардың виртуалды көшірмесін жасаумен шектелмейді. Келесі кезең – кеңістіктік интеллект. Бұл технология жасанды интеллектіге қоршаған ортаның үшөлшемді құрылымын тануға, нысандарды жоғары дәлдікпен модельдеуге және ықтимал сценарийлерді алдын ала болжауға мүмкіндік береді.
Бұл бағыттағы жаңа әзірлемелер WAIC 2026 жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференциясында таныстырылды. Қытайлық мамандар бірнеше секунд ішінде қалалық аудандардың толыққанды 3D-моделін жасайтын «Чжэнжун» (Zhengrong) жүйесін ұсынды. Ол жолды, ғимараттарды және басқа нысандарды автоматты түрде анықтап, қалалық инфрақұрылымды басқаруға арналған цифрлық негіз қалыптастырады.
Жүйе табиғи апаттардың таралуын да модельдейді. Бұл құтқару қызметтеріне тәуекелді алдын ала бағалап, төтенше жағдай кезінде жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Цифрлық егіздер өндірісте де кеңінен қолданыла бастады. COSMOPlat Industrial World платформасы өндірістік нысандардың цифрлық моделін жасанды интеллектпен біріктіреді. Ал Decision Intelligence Platform кәсіпорындағы барлық бизнес-процесті бірыңғай цифрлық ортада басқарады.
Жалпы, WAIC 2026 көрмесінде 1100-ден астам қатысушы 300-ден аса жаңа технологияны таныстырды. Олардың қатарында көлік ағынын, коммуналдық желілерді және қала құрылысына қатысты деректерді бір жүйеге біріктіретін платформалар бар.
Сюнань тәжірибесі нені көрсетті?
Қытайдың Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар академиясының (CAICT) 2026 жылғы есебіне сәйкес, ел цифрлық егіздер технологиясын қалалық басқаруға енгізудің кезеңіне өтті.
Өткен жылы Қытайда цифрлық егіздерге қатысты екі мыңнан астам жоба жүзеге асырылған. Олардың басым бөлігі қалалар мен индустриялық парктерді басқаруға, өнеркәсіп пен су шаруашылығын цифрландыруға бағытталды.
Мұндай серпінге деректерді басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі негіз болды. 2023 жылы ҚХР Мемлекеттік даму және реформалар комитетінің жанынан Мемлекеттік деректер басқармасы құрылды. Ол цифрлық экономиканы дамытуға, мемлекеттік деректерді біріктіруге және «Цифрлық Қытай» стратегиясын іске асыруға жауап береді.
Сонымен қатар цифрлық егіздер жасанды интеллектімен ұштасып жатыр. Платформаларға ірі тілдік модельдер, кеңістіктік интеллект, мультимодальды талдау және генеративті технологиялар енгізілуде.
Аталған тәсілдің тиімділігі Қытайдың жаңа урбанистік жобаларынан анық көрінеді. Соның ең жарқын мысалы – аумағы 1770 шаршы шақырым болатын Сюнань жаңа ауданы. Мұнда нақты қала мен оның цифрлық егізі қатар салынып жатыр. Сюнань ауданының Өнеркәсіп, ақпараттық технологиялар және деректер бюросының бөлім директоры Лян Чжихаоның айтуынша, бұл – Қытайдағы алғашқы цифрлық қала тұжырымдамасы.
– Жаңа аудандағы әрбір ғимараттың цифрлық моделі құрылыс басталған сәттен бастап жасалады. Саябақтар, жасыл аймақтар мен су арналары да цифрлық модельдеумен қатар жобаланып, салынып жатыр, – деді ол.
Оның айтуынша, жоба алғашқы нәтижесін беріп үлгерген. Ауданда бірыңғай датчиктер желісі жұмыс істейді. 500 шақырымнан астам цифрлық жол және 5 мыңнан аса ақылды ғимарат салынған. Жүйеге 100 мыңнан астам бейнетерминал мен шамамен 1 миллион сенсор қосылған. Соның арқасында бүкіл аумақ нақты уақыт режимінде үздіксіз бақыланады, яғни цифрлық егіз қаланың өмірлік цикліне құрылыс басталған сәттен бастап бірге енеді.
Бұл технология жаңа қалалармен шектелмейді. Қалыптасқан мегаполистер де оны инфрақұрылымды жаңғырту үшін пайдаланып отыр. Мәселен, Наньтун қаласында «Tianwang» («Аспан желісі») көлік жүйесі енгізілгеннен кейін кептеліс уақыты 58%-ға, көліктің тоқтау саны 43%-ға қысқарған. Қозғалыс жылдамдығы 20%-ға артып, 400 мың жүргізушінің жол жүруі жеңілдеген.
Цифрлық егіздер жерасты инженерлік желілерін басқаруға да сеп. Мәселен, Чунцин қаласында «Shuzi Guanxian» («Цифрлық құбырлар») жүйесі арқылы газ, су құбыры және кәріз желілерінің жалпы ұзындығы 62 мың шақырымы цифрлық форматқа көшірілген. Платформа құбырлардың 38 түрлі параметрін үздіксіз бақылайды. Егер апат қаупі туындаса, әрекет ету алгоритмін автоматты түрде іске қосады.
Alatau City және цифрлық трансформация
Бұл үдерісте цифрлық егіздер қалалық инфрақұрылымды басқарудың маңызды құралына айналуы мүмкін. Сондықтан Қытайдың тәжірибесі Қазақстан үшін өзекті.
Бұл бағытқа 2026 жылдың Жасанды интеллект және цифрландыру жылы болып жариялануы және Digital Kazakhstan стратегиясының іске асырылуы қосымша серпін берді. Елде AI Research University мен Alem.AI орталығы құрылып, деректерді өңдеу орталықтарының алқабы салынуда. Сонымен қатар интеллектуалды басқару жүйелерін енгізуге қажетті технологиялық база қалыптасып келеді.
Цифрлық егіз технологиясын кең көлемде қолданатын алғашқы жобалардың бірі – Alatau City. Бұл тұрғыда Қытайдың Сюнань тәжірибесі ерекше қызығушылық тудырады.
Бұған дейін Парламент отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Alatau City басқарушылық және технологиялық шешімдерді сынақтан өткізетін заманауи алаңға айналатынын айтқан. Оның сөзінше, кейін тәжірибе еліміздің басқа өңірлеріне де таратылады.
– Барлық шешім қаланың цифрлық егізі негізінде жүзеге асырылады. Сондықтан біз халықаралық тәжірибені барынша ескеретін боламыз, – деді ол.
Сарапшылар да цифрлық егіздерді енгізуде халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор екенін айтады.
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі Әзиз Ысқақовтың пікірінше, Қазақстан мен Қытай арасындағы әріптестік дәстүрлі салаларды жасанды интеллект пен деректерге негізделген басқару моделіне көшіруге мүмкіндік береді.
– Қазір цифрлық егіз технологияларын сынақтан өткізуге, жергілікті мамандарды даярлауға және отандық компанияларды жаңа шешімдерді енгізуге бейімдеуге ерекше көңіл бөлу қажет. Мұны пилоттық жобалар мен тәжірибелік алаңдар арқылы, соның ішінде Қытайдың жетекші технологиялық компанияларымен бірлесіп жүзеге асырған тиімді, – деп есептейді сарапшы.
Оның айтуынша, мұндай тәсіл жаңа ықшамаудандарды жобалаумен қатар, қалаларды жаңғыртуға және кеңестік кезеңнен қалған тұрғын үй қорын кезең-кезеңімен жаңартуға мүмкіндік береді.
Бейжіңдегі цифрлық экономика саласының жетекші сарапшысы, Цифрлық экономика қалаларының жаһандық альянсының зерттеу жетекшісі Ли Вэй Қытайдың цифрлық басқару саласында мол тәжірибе жинақтағанын атап өтті.
– Қазақстан жүзеге асырып жатқан Alatau City – ауқымды әрі үлгі боларлық жоба. Бұл бағыттағы өзара тиімді ынтымақтастық Қазақстанның цифрлық трансформациясын жеделдетуге мүмкіндік береді, – деді Ли Вэй.
Сонымен бірге ол қытайлық тәжірибені сол күйінде көшіру дұрыс еместігін айтты. Сарапшының пікірінше, технологиялар Қазақстанның заңнамасына, инфрақұрылымына және ұлттық даму басымдықтарына бейімделуі тиіс.
Қытай тәжірибесі цифрлық егіздердің эксперименттік технологиядан заманауи қалаларды басқарудың нақты құралына айналғанын көрсетті. Қазақстан үшін Alatau City осы шешімдерді жобалау кезеңінен бастап енгізуге мүмкіндік береді. Алайда түпкі нәтиже технологияны сатып алуға емес, оны ұлттық ерекшелікке бейімдеп, тиімді қолдануға байланысты болмақ.