Алатау қаласын дамытудың жаңа құқықтық режимі енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Алатау қаласына арнайы мәртебе беру көзделіп отыр. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген «Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы» конституциялық заң жобасында айтылған. 

Алатау қаласының жобасы
Фото: Алматы облысының әкімдігі

Заң жобасы қаланы басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыруға, цифрлық және инновациялық технологияларды енгізуге, заманауи халықаралық стандарттарды қолдануға, сондай-ақ қала құрылысы, әлеуметтік, экологиялық және инвестициялық үдерістерді реттеуге бағытталған.

— Жобаны қабылдаудың негізгі мақсаты — Алатау қаласының жұмыс істеуі мен дамуына жеке инвестицияларды тарту үшін жетілдірілген құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық жағдайлар жасау. Бұл өз кезегінде республиканың экономикалық сапасын арттыруға ықпал етпек, — делінген құжатта.

Алатау қаласының арнайы мәртебе аясында жұмыс істеуі, оның дамуы мен қалалық үдерістерді реттеу төмендегі негізгі міндеттерді іске асыруды көздейді:

— Алатау қаласын халықаралық маңызы бар экономикалық, технологиялық, ғылыми-білім беру, сауда-ойын-сауық және инвестициялық орталық ретінде қалыптастыруға жағдай жасау;

— адами капиталды, инвестициялар мен технологияларды жедел тарту және дамытуға мүмкіндік беретін дербес құқықтық және әкімшілік режимді қалыптастыру әрі ұзақ мерзімді сақтап тұру;

— Алатау қаласын дамытуға салынатын инвестициялардың құқықтық қорғалу кепілдігін күшейту;

— «Ақылды қала» қалыптастыру және экономикалық дамуды қамтамасыз ету мақсатында ғылым мен техниканың озық жетістіктерін, технологиялық инновациялар мен заманауи тәсілдерді қолдану;

— қалалық ортаны басқарудың алдыңғы қатарлы реттеуші және жергілікті басқару тәжірибелерін енгізу.

Атап айтқанда, заң жобасында Алатау қаласын басқарудың тиімді жүйесін құру, цифрлық және инновациялық технологияларды енгізу, халықаралық стандарттарды қолдану, сондай-ақ қала құрылысы, әлеуметтік, экологиялық және инвестициялық салалардағы үдерістерді реттеу қарастырылған.

Сондай-ақ құжатта Алатау қаласының арнайы мәртебе жағдайында жұмыс істеуінің негізгі қағидаттары айқындалған. Бұл туралы толық ақпаратты Ашық НҚА порталынан оқи аласыз.

Еске сала кетейік, әлемдік сәулет алыптары Алатау қаласының тұжырымдамасын таныстырды.