Алатау қаласындағы негізгі стратегиялық шешімдерді арнайы кеңес қабылдайды

АСТАНА. KAZINFORM — Алатау қаласындағы негізгі стратегиялық шешімдерді Премьер‑Министр басқаратын Кеңес айқындайды. Инвесторлардың құқықтары халықаралық деңгейде қорғалады. Ал салық жеңілдіктері тек басым салалардағы жаңа инвестициялық жобаларға беріледі. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасының негізгі бағыттары туралы айтып берді.

Мемлекеттік сатып алу
Фото: Kazinform

Оның айтуынша, Президент бірнеше рет ерекше құқықтық мәртебе артықшылық емес, қажетті құрал екенін атап өтті. Ұсынылып отырған заң жобасы осы қағидатқа негізделген.

— Конституциялық заң негізінде Алатауда арнайы құқықтық режим қалыптасады. Ол кәсіпкерлік қызметтің негізгі бағыттарын қамтиды. Нәтижесінде Алатау жаңа басқару және технологиялық шешімдерді енгізуге мүмкіндік беретін заманауи реттеуші алаңға айналады, — деді Қ. Бозымбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында.

Қалада сынақтан өткен тиімді тетіктер алдағы уақытта Қазақстанның басқа өңірлерінде де таралуы мүмкін. Халықаралық тәжірибеде мұндай жобалар «charter cities» деп аталады.

Сонымен бірге, Алатау қаласында тек салықтық жеңілдіктер ғана емес, бизнесті реттеу, инвесторларды тарту және инвестициялық дауларды шешу жүйесін қамтитын толық экожүйе қалыптастыру жоспарланып отыр.

— Ең алдымен Алатауды басқару жүйесі — Alatau City Authority стратегиялық дамуға негізделген жаңа мемлекеттік орган ретінде құрылады. Оның негізгі бағытын Премьер‑Министр басқаратын Кеңес айқындайды. Ал әкімшілік жұмысты Бас атқарушы директор жүзеге асырады, — деді Премьер орынбасары.

Кеңес қаладағы негізгі стратегиялық шешімдерді қабылдайды және әкімшілік актілерді бекітеді. Ал мәслихат пен әкімдік қаланың әлеуметтік, коммуналдық және қоғамдық мәселелеріне жауап береді.

— Инвестициялық саясатқа келсек, заң жобасында инвестициялық келісімдердің тұрақтылығы, арнайы құқықтық режимнің басымдығы және лицензиялаудың жеке тәртібі қарастырылған. Сондай‑ақ «бір терезе» қағидаты арқылы тәуелсіз реттеу жүйесі енгізіледі, — деді Қ. Бозымбаев.

Инвесторлардың құқықтары халықаралық деңгейде қорғалады. Олар Астана қаржы орталығының немесе халықаралық арбитражды таңдай алады.

— Үшіншіден, тұрақты және болжамды салықтық модель қалыптасады. Салықтық преференциялар тек басым салалардағы жаңа инвестициялық жобаларға беріледі. Бұл жобалар негізгі критерийлерге сәйкес болуы тиіс, олар: экономикалық және әлеуметтік тиімділігі; қаланың стратегиялық құжаттарына сәйкестігі; экспортқа бағдарлануы және инновациялық сипаттылығы; экологиялық талаптарды қамтуы, — деп түсіндірді спикер.

Барлық жеңілдіктер мен инвесторлардың міндеттемелері ашық түрде жарияланатын болады.

Айта кетейік, елордада Парламент палаталарының бірлескен отырысы басталды. Жиында Мәжіліс пен Сенат депутаттары «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасын бірінші оқылымда қарап жатыр.

Биыл қаңтар айында Парламент Мәжілісі «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» Конституциялық заңының жобасын талқылауға қабылдағанын жазған едік.