Алатау Қазақстандағы толық цифрланған алғашқы қала болады — Президент

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысында Алатау қаласын дамытуды тағы бір маңызды міндет екенін айтты. Оның айтуынша, Алатау Қазақстандағы толық цифрланған алғашқы қала ретінде дамиды. Онда мемлекеттік қызметтер, инфрақұрылым мен экономика бірыңғай цифрлық экожүйеге біріктіріліп, инвесторлар үшін әлемдік деңгейдегі қолайлы құқықтық орта қалыптасады.

Алатау Қазақстандағы толық цифрланған алғашқы қала болады
Фото: Акорда

— Бүгінде Алатау әлемдік деңгейдегі арнаулы құқықтық режимге ие, қарқынды дамитын аумақ болып бекітілді. Дүние жүзінен инвестиция тарту және Алатауды халықаралық іскерлік орталықтардың біріне айналдыру мақсатында нормативтік база жасақталды. Шаһарды Қазақстандағы толық цифрланған алғашқы орталық ретінде жобалап жатырмыз, — деді Мемлекет басшысы.

Мұндағы аса маңызды инфрақұрылым, мемлекеттік қызметтер мен қала экономикасы үлкен дерекқор, озық технология және заманауи басқару моделі негізінде жұмыс істейтін біртұтас цифрлық экожүйеге біріктіріледі. «Digital by default» қағидатына сәйкес, мемлекеттік басқарудың барлық үдерісі әуел бастан тек цифрлық форматта жасалады.

— Алатау қаласы әкімшілігінің бірыңғай цифрлық платформасы арқылы тұрғындар мен инвесторлар мемлекеттік қызметтерге жүгініп, тиісті рұқсаттама құжаттарын рәсімдей алады, арнаулы құқықтық режимнің артықшылықтарын пайдаланады. Бұдан бөлек, қаладағы цифрлық активтер саласында криптовалюта биржалары мен активтерді токендеу қызметтерін реттейтін озық нормативтік-құқықтық база жұмыс істейді. Біз халықаралық инвесторларды осы бірегей юрисдикцияның артықшылықтарын жоғары технологиялық және табысты жобаларды жүзеге асыратын сенімді алаң ретінде пайдалануға шақырамыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, жасанды интеллектіні дамыту және цифрлық дербестікті нығайту экономикамыздың, тіпті мемлекеттің ұзақмерзімді орнықтылығын қамтамасыз ету тұрғысынан ерекше мәнге ие.

— Кеңес пен мемлекеттік органдардың тұрақты диалогы өте маңызды екенін атап өткім келеді. Тиімді шешімдер әзірлеп, қажетті реформалар жүргізу үшін барлық қатысушының тәжірибесі мен білімін, сарапшылық әлеуетін жұмылдырған жөн. Мемлекет пен бизнестің ұзақмерзімді әрі өзара тиімді серіктестігі цифрлық экономика мүмкіндіктерін толық пайдалануға және азаматтарымыздың игілігі үшін өркендеген мемлекет құруға ықпал ететін негізгі фактор болатынына сенімдімін, — деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, елордада ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-отырысы өтті. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің жаңа мүшелерін таныстырған еді.